Тамақ беру, құжатын жөндеу, жұмысқа тұрғызу - Астанада кезбе адамдарға қандай көмек көрсетіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб пен «Демеу» әлеуметтік бейімдеу орталығының директоры Самат Топатаев елордада тұрғылықты жері жоқ кезбе адамдарға қалай көмек көрсетілетінін баяндады. Kazinform агенттігі спикерлер ұсынған мәліметтер негізінде үйсіз-күйсіз жандарға көрсетілетін қызмет пен мүмкіндіктерге шолу ұсынады.

Арнайы бейімдеу орталығы бар
Белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған «Демеу» әлеуметтік бейімдеу орталығы 2001 жылдан бері жұмыс істейді және тәулік бойы уақытша тұруға (елордалықтарға 1 жылға дейін, қаладан тыс аумақтан келген адамдарға 30 күнтізбелік күнге дейін) мүмкіндік береді. Онда адамдар өздерінің өтініші бойынша немесе Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы, Денсаулық сақтау басқармасы, ішкі істер органдарының бағыттауы бойынша орналасады.
Жыл сайын шамамен 1200 қаңғыбас адамға көмек көрсетіледі
Елордада соңғы 3 жылда кезбе жандардың саны көп өзгермеген. 2022, 2023, 2024 жылдардағы деректер мынандай:
Әлеуметтік көмек |
2022 |
2023 |
2024 |
Көмек алушылар қабылданды |
1180 |
1267 |
1186 |
Оның ішінде ер адамдар |
1046 |
1105 |
982 |
Оның ішінде әйел адамдар |
134 |
162 |
204 |
Құжаты барлар |
140 |
108 |
90 |
Мүгедектік белгілеуге көмек көрсетілді |
14 |
8 |
17 |
«Шарапат» орталығына орналастырылды: |
33 |
17 |
21 |
Кезбелер ішінде шетел заматтары да бар
2025 жылдың 1 қаңтарынан 31 наурызға дейін «Демеу» әлеуметтік бейімдеу орталығының күндізгі бөліміне 389 адам қабылданды. Оның 60-ы – әйел адам, 329-ы – ер адам.
Сондай-ақ осы аралықта түнгі қону бөліміне 874 адам қабылданды. Оның 619-ы – астаналық, 86-сы – Ақмола облысының адамдары, 160-ы – басқа өңірлерден келген, 4-еуі – өзге елдің азаматтары.
Одан бөлек, 1 қаңтардан 31 наурызға дейін әлеуметтік патрульдеудің мобильдік қызметі 447 рет шақырылып, орталыққа 625 адам жеткізілген. Оның 76-сы күндізгі бөлімге, 545-і түнгі қону бөліміне қабылданды.
Күндізгі және түнгі бөлім қалай жұмыс істейді?
Күндізгі бөлімге түскен адамдармен келісімшарт жасалады және олардың өмірлік қиын жағдайдан шығуына көмек көрсетіледі. Атап айтқанда құжаттары жөнделіп, тамақ беріледі, сондай-ақ жұмысқа тұруына көмек көрсетіледі.
Түнгі бөлімге қабылданған адам орталықта кешкі 9-дан таңертеңгі 9-ға дейін бола алады, бірақ оларға тамақ берілмейді. Тек қонатын төсек-орын беріледі. Күндіз олар өз жұмыстарымен кетіп, кешкі уақытта орала алады.
Жұмысқа тәртіп сақшылары да тартылады
Астана қаласы Полиция департаменті жедел-профилактикалық шараларды жүргізіп тұрады. Күн сайын біздің қызметкерлермен бірге тәртіп сақшылары ПИК, МИБ-терге барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Қиын жағдайға тап болған жандар қандай номерлерге хабарласуына болатыны жөнінде ақпараттар таратылады. Бұл жұмыстар азаматтардың қауіпсіздігі үшін және Астана келбетінің талаптарына сай болу үшін жүргізіледі.
«Демеу» орталығында қандай әлеуметтік қызметтер көрсетіледі
Орталық директоры Самат Топатаевтың айтуынша, мұнда 7 арнайы әлеуметтік қызмет түрі көрсетіледі:
1. Әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер – қызмет алушыларды қабылдау және уақытша орналастыру, үш мезгіл тамақпен қамтамасыз ете отырып, төсек-орын беру, төсек-жабдықтармен, жеке гигиена құралдарымен және іш киіммен қамтамасыз ету.
2. Әлеуметтік-медициналық қызметтер – дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету, қызмет алушыларды ауруханаға жатқызуға және профилактикалық тексеруден өтуге жәрдемдесу.
3. Әлеуметтік-психологиялық қызметтер – қызмет алушылармен психопрофилактикалық жұмыс жүргізу, шұғыл психологиялық көмек көрсету, әңгімелесу, тыңдау және дем беріп қолдау.
4. Әлеуметтік-құқықтық қызметтер – заңды маңызы бар құжаттарды ресімдеуге көмек көрсету, қызмет алушыларға әлеуметтік-құқықтық мәселелер бойынша кеңес беру.
5. Әлеуметтік-экономикалық қызметтер – тиісті жәрдемақылар мен төлемдерді алуға жәрдемдесу.
6. Әлеуметтік-мәдени қызметтер – мерекелерді, үйірме жұмыстарын және бос уақытты өткізу іс-шараларын ұйымдастыру.
7. Әлеуметтік-еңбек қызметтер – қызмет алушылардың еңбек дағдыларын анықтау бойынша іс-шаралар өткізу, қоғамдық пайдалы жұмыстарға қатыстыру.
Қандай адамдар бұл қызметті ала алмайды
Самат Топатаевтың айтуынша, үйсіз-күйсіз жандардың уақытша паналау ұйымдарында орналасуына мына медициналық көрсеткіштер анықталған жағдайда рұқсат берілмейді:
1. Мінез-құлық бұзылыстарымен қатар жүретін психикалық аурулар, бұл өзіне де, айналасындағыларға да қауіп төндіреді;
2. Туберкулездің белсенді кезеңі, жұқпалы аурулар, карантиндік инфекциялар;
3. Алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде болуы;
4. Аурудың терминалдық сатысы, бұл паллиативтік көмек пен мейіргерлік күтімді қажет етеді;
5. Арнайы медициналық ұйымдарда стационарлық емдеуді қажет ететін басқа да аурулар немесе жарақаттар.
Аталған медициналық көрсеткіштері бар адамдар тиісті денсаулық сақтау ұйымдарына жолданады.
Айта кетейік, Әлеуметтік қызметтер порталы мүгедектігі бар жандарға қандай қызметтер көрсететіні хабарланды.