Тамақтан уланудың алдын алу үшін не істеу керек

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Жылда көктем және жаз мезгілінде тамақтан улану жиі тіркеліп жатады. Мұндай жағдайда тұрғындар қандай сақтық шараларына назар аударуы тиіс? Тағам түрлерін пайдаланғанда қандай талаптарға көңіл бөлген жөн? Осы жөнінде ҚазАқпарат тілшісі Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Әлия Ыдырысованы әңгімеге тартқан еді.
None

- Алдымен тамақтан уланудың қандай белгісі болатыныны жөнінде айта кеткеніміз артық болмас. Ол үшін қандай талаптарға назар аударған дұрыс?

- Астан улану тағам арқылы берілетін этиологиясы сан алуан кеселдер тобына жатады. Ол микробты және микробсыз болып бөлінеді. Ластанған тағамдарды қолдану салдарынан пайда болады.

Тамақтан улану мерзімі өткен сүт өнімдері, нитраты көп тағам өнімдері, жабық консервілер, сақтау талаптары, жарамдылық мерзімі өткен тағамдарды пайдаланудан болуы мүмкін. Мұндай уақытта іш ауырады, жүректің айнуы байқалады, құсу, іш өту, әлсіздік болады. Сапасыз тағамдар микробтардың көбеюіне, олардың уының пайда болуына жағдай туғызып адамдардың тамақтан улануына алып келеді. Микроорганизмдер сапасыз тамақ ішкеннен кейін пайда болуы мүмкін. Оған түскен микробтарға байланысты уланудың алғашқы белгілері тамақтан кейін бір-екі сағаттан кейін байқалады. Ал басқа жағдайларда олар қоздырғышқа байланысты 12 және одан да көп уақыттан кейін пайда болады.

- Оның алдын алу үшін қандай сақтық шаралары талап етіледі?

- Мұндай улану жағдайын болдырмау үшін тамақтану гигиенасы, оны сақтау мен дайындаудың қарапайым ережесін орындау қажет екендігін ескертеміз. Атап айтқанда, олардың қатарында жеке гигиена ережесін сақтау, қоғамдық орындар мен дәретханаға барғаннан кейін қолды жиі жуу қажет. Тамақ дайындау кезінде бір рет қолданылатын резеңке қолғапты қолдануға болады. Сондай-ақ, ас үй ыдысын, плитаны, үстелдің бетін, раковинаны, тақтайшаларды арнайы құралдармен жуу және таза ұстауға көңіл бөлген дұрыс.

Жалпы, тамаққа қолданылатын өнімдерді өңдеу және сақтаудың барлық ережелері сақталуы тиіс. Ол үшін жаңа және дайын өнімдерді өңдеу барысында әртүрлі пышақ пен кесу тақтайын пайдалану керек. Тағы бір назар аударатын жайт, өнімдерді жәндіктер мен кеміргіштерден қорғау маңызды. Азық-түлік ашық жерде, еденде сақталмауы тиіс. Өнімдерді ауаның түсуінен барынша оқшаулап, ыдысты қақпақпен жауып, ыдыс-аяқ пленкамен жабылуы қажет.

Оған қоса қоқыс шелегін дезинфекциялау құралдарымен өңдеп, оны қақпақпен жауып, қоқыстан жиі босату артық емес. Ұсақ туралған ет пен балықты суда ерітуге болмайды. Барлық жұмыртқаның қабығын хлорамин ерітіндісімен немесе содасы бар жылы сумен жуып, таза судың мол ағынымен шайған жөн болады.


- Тамақ өнімдерін сатып алу және сақтау барысында қандай талаптар бар?

- Тамақтан уланудың алдын алу олардың салдарымен күрескеннен гөрі жеңіл. Супермаркетте сатып алуды азық-түлік емес тауарлардан бастаңыз, содан кейін салқындатылған сусындарға және құрғақ өнімдерге өтіңіз. Одан әрі жемістер мен көкөністер бөліміне, содан кейін салқындатылған ет бөліміне, гастрономиялық сөреге баруға болады. Мұздатылған өнімдер мен ыстық өнімдерді соңғы кезекте алыңыз. Азық-түлікті арбаға немесе себетке салған кезде, суық және ыстық тамақты, сондай-ақ шикі және дайындалған азық-түлікті бөлек ұстауға тырысыңыз. Азық-түлікті қайдан сатып алсаңыз да, сатушы олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті.

Азық-түлікті сатып алған кезде өнімдер орамасының бүтіндігі, сыртқы түрі мен пішінінің дұрыстығына назар аударып, өнім орамасында көрсетілген жарамдылық мерзіміне қарау талап етіледі. Сондай-ақ, консервіленген, кептірілген және мұздатылған өнімдер белгіленген мерзімге дейін ғана қолданылады. Өнімнің сапасы (дәмі, сыртқы түрі және иісі) қолданылу мерзімі аяқталған соң нашарлайды. Тамақтан уланбау үшін азық-түлік сатып алғанда, сақтаған кезде және дайындаған мезетте алдын алу шараларын орындау қажет.

– Негізінде тамақтан улану жағдайы көктем және жаз мезгілінде неге көбейі п кетеді? Оның себебі қандай?

- Жазда азық-түлік өнімдерінің ластануына үлкен қауіп бар. Себебі, шыбын-шіркейлер молаяды, олар микробтарды тасушылар болып саналады және күннің ысуы да себеп. Сатып алынған өнімдерді үйге тасымалдау да үлкен маңызға ие. Жазғы ыстық күндері автомобиль салонындағы температура 30°С және одан жоғары болуы мүмкін. Үйге барған кезде тамақ өнімдері бүлінбеу үшін желдеткішті қосыңыз немесе терезелерді ашыңыз, ал оралған өнімдерді күн сәулесінен тыс орналастырыңыз. Өнімдерді ыстық көлікте қалдырмауға тырысыңыз. Жазда өнімдерді тасымалдау үшін автомобиль тоңазытқышын пайдалануға болады.

Тағамдарды жылумен өңдеу - тағамнан улануды болдырмаудың бірден-бір жолы. Алайда, профилактикалық қауіпсіздік шаралары қаншалықты мұқият сақталса да, азық-түлік өнімдеріндегі микроорганизмдердің болатынын ескеру қажет. Сондықтан қауіпсіздік үшін жеткілікті жылумен өңдеу өте маңызды.

- Әңгімеңізге рақмет.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Қызылша ауруынан қалай сақтануға болады» деген тақырыпта маман кеңесі берілді.

Бұл жөнінде Қызылорда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова «Ол қызба, интоксикация, дақты-папулалы бөртпе, энантема, конъюнктива және жоғарғы тыныс жолдарының зақымдалуымен сипатталады. Жедел вирустық инфекциялық ауру адамнан адамға жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде ауа тамшылары арқылы жұғады. Сырқат адаммен қысқа уақыт қарым-қатынаста болған жағдайда да екпе алмаған адамдардың оны жұқтыру қаупі өте жоғары. Айта кетсек, ол пневмония, бронхит, энцефалит сияқты асқынулармен қауіпті. Медициналық көмекке кеш жүгінгенде және қызылшамен қатар басқа аурулар болған жағдайда бұл асқынулар өлімге әкелуі мүмкін. Катаральды құбылыстармен (қызба, бас ауруы, әлсіздік) аурудың алғашқы белгілері және бөртпе пайда болған кезде дәрігермен кеңесіп, оның барлық ұсынымдарын орындау керек», - деді.

Фото: Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті
Соңғы жаңалықтар