Тамара Дүйсенова: Әлеуметтік кодекс — ТМД елдерінде бірінші болып енгізілген біртұтас әлеуметтік құжат
Әлеуметтік кодекс — ТМД елдерінде ең бірінші болып енгізілген біртұтас әлеуметтік құжат. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасына сұхбат берген Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Әлеуметтік кодексті дайындау 2 жылға созылды. Біріншіден, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде үлкен жұмыс тобы 2 жылдың ішінде әртүрлі ұйымдармен, мемлекеттік органдармен, халықаралық ұйымдармен үлкен жұмыс істеді. Екіншіден, Конституциялық заңға сәйкес Мемлекет басшысы тарапынан көптеген бастама жасалды. Оның біразын 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастадық. Ал қалғандары осы жылдың 1 шілдесінен бастап іске қосылды. Мәжіліс сайлау науқанына кеткендіктен құжатты Сенаттың қарауына енгіздік. Сенат жан-жақты қарап қабылдады», — деді вице-премьер.
Жалпы, оның пайымынша, Әлеуметтік кодекс — Қазақстан ғана емес, ТМД елдерінде ең бірінші болып енгізілген біртұтас әлеуметтік құжат деп айтуға болады.
«1964 жылы Еуропа елдерінде Еуропалық одақтың әлеуметтік кодексі қабылданған. 21 мемлекет қана стандарттарын сол кодекске сәйкестендірген. Қалған елдер әлі сол процестің үстінде. Бізде әлеуметтік қамсыздандыру, еңбек нормлары бойынша 1 800-ден астам заң бар еді. Қазір Әлеуметтік кодекс еліміздегі барлық әлеуметтік заңдарды біріктірген бірегей құжат саналады», — деді Тамара Дүйсенова.