"Тамаша» тарланы Тоқсын Құлыбековтың туғанына 60 жыл
Осы өнер иесі қазақ сатирасына өзінің өлшеусіз үлесін қосты, өзі де сатиралық әзіл-сықақтар жазып, сахнада орындады. Тоқсын «Тамашаның» тарланы ретінде көпшіліктің жүрегін жаулады. «Тамаша» асығып күтер ойын-сауық орталығына айналды. Қазіргі сатиралық ойын-сауық орталықтарына үлгі бола білді, жол сілтеді. Өкінішке қарай, ол небары 47 жасында мезгілсіз дүниеден өтті. Тоқсын Құлыбеков 1951 жылдың 20 қазанда бұрынғы Талдықорған облысы Кербұлақ ауданына қарасты «Қоянкөз» ауылында дүниеге келген.
Тоқсын қазақтың Мемлекеттік ұлттық консерваториясының актерлық бөлімінің түлегі. Ол қазақтың Левитаны атанған Қазақстанның халық әртісі Әнуарбек Байжанбаевтың алдынан дәріс алып, дикторлық мамандықтың қыр-сырына қанықты. Қазақ радиосының әуе толқынынан өтетін небір радиоқойылымдар мен әдеби-музыкалық хабарлардың жанын кіргізіп, шебер де сауатты оқи білген дарынын сол кездің өзінде тыңдаушылар мойындап үлгерген.
Қазақ радиосының «Алтын қорында» Тоқсынның орындауында 40-қа жуық хабарлар мен радиоқойылымдар сақталған.
Қазақстан телеарнасынан өз кезінде көрсетілген «Қымызхана», «Жебе» атты сатиралық журналдарда, «Алтыбақан» ойын-сауық бағдарламасында Тоқсынның ойнаған талай рольдері көпшілік көзайымына айналды.
1985 жылдан «Тамаша» ойын-сауық отауына біржолата ат тізгінін бұрған Тоқсын Құдайберген Сұлтанбаев - Тұңғышбай Жаманқұлов, Уәйіс Сұлтанғазин, Мейірман Нүрекеев, Шолпан Байғабылова, Лидия Кәденова, Бақыт Айтова сынды тамаша дарындармен бірге көп жыл жемісті еңбек етті. Сатираның қазанында қайнап, көрерменін думанға бөледі, ел еркесіне айналды.
Т. Құлыбековтың көп жылғы ерен еңбегі еленіп, 1996 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» деген құрметті атаққа ие болды.
Айта кетейік, 17 қарашада Алматы облысы әкімшілігінің ұйымдастыруымен Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзекте Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Тамашаның тарланы», Қазақ радиосының ардагерінің туғанына 60 жыл толуына орай мерекелік кеш өтеді. Кеште сатира сарбазы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асқар Наймантаев бастаған өнер иелері қатысып, Тоқсын Құлыбековтың өз шығармалары орындалады.