Тамыз айында Түркияның жылдық инфляция деңгейі 32,95 пайыз болды
АСТАНА.KAZINFORM — Елдегі жылдық инфляция деңгейі тамыз айында 32,95%-ға жетті. Бір аймен салыстырғанда тұтыну бағасы 2,04 пайызға өсті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Түркия Статистика институтының (TÜİK) мәліметінше, соңғы 12 айдағы орташа жылдық көрсеткіштерді ескерсек, тұтынушылық баға 39,62 пайызға, отандық өндірушілердің ішкі бағасы 26,28 пайызға өсті.
Бағаның өсуі экономикалық тұрақтылыққа және халықтың сатып алу қабілетіне айтарлықтай әсер етеді. Бағаның өсуі әсіресе азық-түлік, тұрғын үй және көлік сияқты салаларда байқалады.
Экономистер Орталық банк пен үкімет қабылдаған шараларға қарамастан инфляциялық қысымның жоғары деңгейде қалып отырғанын, ішкі және сыртқы экономикалық тәуекелдер аясында түрік лирасының құбылмалылығын көрсетуді жалғастырғанын баса айтады.
Алдағы айларда инфляция жоғарылауы мүмкін. Ел билігі экономикалық өсуді ынталандыру және қымбатшылықпен күресу арасындағы тепе-теңдікті іздеуді жалғастырып жатыр.
Біз бұған дейін TÜİK 2025 жылдың шілде айындағы оң инфляция деректерін жариялағанын хабарлаған едік.
Айта кетелік Түркия биыл тауар экспортын 390 миллиард долларға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.