Тамыздың 3-інен бастап отандық сүт өндірушілерді қолдауға бағытталған қаулы күшіне енеді

АСТАНА. Шілденің 14-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Тамыздың 3-і күні «Қазақстан Республикасы үкіметінің 2008 жылдың наурыз айының 11-індегі № 230 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» үкіметтің 2010 жылдың қаңтар айының 25-індегі №21 қаулысы күшіне енеді.
None
None

Оған сәйкес, сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігіне қатысты техникалық регламентке сүт өнімдерін таңбалау бөлігінде өзгерістер енгізу қарастырылған. Бұл туралы бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихатында Ауыл шаруашылығы министрлігінің Қайта өңдеу өнеркәсібін және аграрлық азық-түлік нарығын дамыту департаменті директорының орынбасары Шәймерден Ахметов мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда пайдаланылатын сүтті дайындалу әдісін екі түрге бөлуге болады. Оның бірі, табиғи сүт өңделіп арнайы ыдысқа құйылып сатылады. Екіншіден, сүттің қалдықтары құрғатылып, кейіннен қайта қалпына келтіріліп сатылады. Осыған қарай бұрынғы техникалық регламент талаптары бойынша құрғақ сүттен дайындалған өнімге «қалпына келтірілген сүт» деген белгі қойылатын. Алайда бұл белгінің сүт құйылған ыдыстың қай жеріне қалай жазылса да бәрібір болатын. Оған ешқандай талаптар қойылмайтын. Нәтижесінде сүт құйылған ыдыстың жоғары немесе төменгі жақтарында, көбіне ұсақ

әрі оқуға қиын шрифтермен «қалпына келтірілген сүт» деген белгі қою жағдайлары орын алды. «Бұл дегеніңіз қалың көпшілік қалпына келтірілген сүтті табиғи сүттен айыра алмайды дегенді білдіреді. Осыны ескере отырып, былтырғы жылы Көкшетауда Елбасының қатысуымен Астана қаласының маңында азық-түлік белдеуін дамыту бойынша өткен кеңесте, құрғақ сүттен дайындалған өнімнің айқын таңбалануына баса назар аударылған болатын. Біздің бүгін талқылап отырған қаулымыз осы мәселеге орай күшіне енгелі отыр», деді директордың орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, жаңа талап бойынша құрғақ сүттен өндірілген өнімнің бірінші бетінде «сүт» деген жазумен қатар тап осындай шрифтпен «құрғақ сүттен қалпына келтірілген» деген жазу болады. Яғни тұтынушы өнімнің қалай әзірленгендігін бірден көре алады. Немесе тұрғындар құрғақ сүт пен табиғи сүтті шатастырмайтын болады. Осы арқылы біз тұтынушылардың өзі тұтынып отырған өнім жайлы шынайы ақпарат алудағы заңды құқының сақталуына ықпал етіп отырмыз. Екіншіден, біз табиғи сүтке сұранысты арттырып, өзіміздің сүт өндірушілерге қолдау көрсетіп отырмыз. Себебі құрғақ сүт көбіне сырттан әкелінеді. Ал қайсысы құрғақ, қайсысы табиғи сүт екенін аңғармаған жұрт оның қолға түскенін ала береді. Нәтижесінде шетелдік құрғақ сүттің өтімділігі отандық, табиғи сүттің өтімімен бірдей болады. Ал бұл дегеніңіз отандық экономиканы емес шетелдің экономикасын қолдау», деді Ш.Ахметов.

Соңғы жаңалықтар