Таңат Нөсербаев жаңа қызметтің тізгінін ұстады

АСТАНА. KAZINFORM – Таңат Нөсербаев – «Ордабасы» клубының спорт директоры лауазымына тағайындалды. Бұл туралы шымкенттік клубтың баспасөз қызметі хабарлады. 

Таңат Нөсербаев жаңа қызметтің тізгінін ұстады
Фото: «Ордабасы» ФК

Бұған дейін бұл қызметті атқарған Қайрат Әшірбеков клуб жүйесінде қала береді. 

Таңат Нөсербаев –Оңтүстік футбол мектебінің түлегі. Футболшы кәсіби мансабын аталған клубтың фарм-командасынан бастаған. Кейін 2011 жылдан бастап ел біріншілігіндегі «Локоматив» командасында доп тепті. Артынша клубтың атауы «Астанаға» ауысты. Нөсербаев 2013 жылы елордалықтардың капитаны болды. Елордалық команда сапында үш дүркін ел чемпионы атанып, бір рет Қазақстан Кубогын иеленген. 

2017-2018 жылдары қайтадан «Ордабасы» командасында доп тепті. 2018 жылы «Тобыл» командасына жалға берілді. Бір жылдан соң «Оқжетпес» жейдесінде өнер көрсетті. 

2008 жылы 11 қазан күні «Уэмблиде» Англияға қарсы тұңғыш рет Қазақстан құрамасы сапында алаңға шықты. 2009 жылы 10 маусым күні сырт алаңда Украина қақпасына бірінші голын соқты. Бұл екі ойын да 2010 жылғы әлем чемпионатына іріктеу турнирі аясындағы кездесу болатын.

2014 жылы 12 тамыз күні Алматыда Тәжікстанға қарсы жолдастық кездесуде капитан ретінде алаңға шықты. Ал 2017 жылы 10 маусым күні Алматыдағы Данияға қарсы 2018 жылғы әлем чемпионатына іріктеу аясындағы ойында соңғы рет құрама сапында алаңға шықты.

Еске сала кетейік, бұған дейін Нұркен Мазбаев «Ұлытау» футбол клубының бас бапкері болып тағайындалғанын хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар