Таңбалы археологиялық кешені

Таңбалы археологиялық кешені – 2004 жылы өткен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени-археологиялық және табиғи мұра комитетінің 28-ші сессиясында ЮНЕСКО-ның комитет мүшелерінің бірауыздан қолдауымен Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енгізілген Орта Азиядағы жартастағы өнердің бірінші ескерткіші.
None
None
Тамғалы археологиялық кешені ? тасқа шекілген қола дәуірінің суреттері. Алматы қаласынан солтүстік-батысқа қарай 170 км жерде, Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарабастау ауылында Шу-Іле тауларының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. 1957 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтының экспедициясы «Қазақстанның археологиялық картасы» бағдарламасы аясындағы барлау жұмыстарының барысында ашылған. Таңбалы археологиялық кешенінде қола және ерте темір дәуірлеріне, ортағасырлар мен «жаңа заманға жататын қоныстар, қорымдар, құрбандық орындары және петроглифтер» сияқты 100-ге тарта ескерткіш орындары бар. Шағын аумаққа шоғырланған ескерткіштер осы өңірді мекендеген көптеген көне тайпалардың 3 мыңжылдық тарихын қамтиды. Кешеннің негізгі өзегі шатқалдағы 3000-ға жуық петроглифтер. Кей зерттеушілер петроглифтердің ең көнелері б.з.б. 2-мыңжылдықтың ортасында, кейбірі ерте темір дәуірінің басында, сондай-ақ қола дәуірінде пайда болған деген тұжырымдар айтады. Қола дәуіріне тән бейнелер мен сюжеттер негізінен «күн басты» және «дәстүрлі киім» үлгісі сипатында. Таңбалы археологиялық кешені Орта Азияда кең тараған антроморфты бейне ? күн шапақты бет перде киген пішіндердің көптігімен ерекшеленеді. Олар жеке түрде де, көп пішінді композиция түрінде де кездеседі. Құйрықты күнбас пішіндер әр түрлі бейнелерді сомдай отырып, дәстүрлі би өнері үлгілерінде көрініс тапқан. Суреттердің толық бір топтамасы антроморфты бейнеде жануарлар кейпіндегі бет перде киіп, аң терісін жамылған. Дәстүрлі және ғұрыптық үлгідегі киіну салтының бейнеленуі Орта Азия бойынша мерзімделу шеңбері б.з.б. 3-мыңжылдықтың басы мен 2-мыңжылдықтың ортасына сәйкес келеді. Олар сонымен бірге ерте темір дәуірінің афанасьев, окунев мәдениеттеріне жақындығымен, Солтүстік және Орта Азияның далалық аймақтарының мәдениеттерімен (андрон мәдениеті, қарасұқ мәдениеті, т.б.) ұқсастығымен ерекшеленеді. Бұл суреттер осы тауды киелі санап, мәдени ғұрыптық орынға айналдырған қауымдарға тәу ету, ғұрыптық жоралғылар өткізу кезінде алыстан көрінуі үшін таң атқаннан күн батқанға дейін күн сәулесі түсетін жартастардың ұшар биігіне салынған. Ғұрып-жоралғылар өткеннен кейін тасқа салынған суреттер дәстүрлі шаралардың мән-мағынасынан хабар бере отырып, сол кеңістіктегі дүниетанымды көрсетеді. Осы киелі шағын кеңістіктегі дәстүрлі киім үлгісіндегілер мен күн басты бейнелер, рухани құндылықтарды сақтаушылар іспетті. Күн сәулесіне орай құбылып тұратын сурет түстерінде ғарыштық және мезгілдік циклдар ғана емес, сонымен бірге тәуліктік кезең де маңызды орын алады. Мұндай суреттер ежелгі бақсылардың діни билерінен кейінгі трансқа түсу барысында жасалған деген пікір де қалыптасқан. Сонымен бірге барлық «күн басты» бейнелер алғашқы құдайларды бейнелемейді, керісінше кейбір рух пен құдайлардың араласуын білдіреді деген пікір де бар. Күн басты бейнелердің әр түрлі болуы пантеонның көп сатылы иерархиядан тұратындығын, сонымен бірге аймақтың этникалық және басқа да өзгешеліктерін көрсетеді. Бақсылықтың мифологиялық кешенінде ғарыштық кеңістіктің үш мүшеден тұратындығы, идеясы мен оның «әлем бәйтерегімен» байланыстылығы басты орын алады. Бұл жерде бақсының өзі бір жағынан «әлем бәйтерегін» білдірсе, бір жағынан байланыстырушы рөлін атқарады. Таңбалы археологиялық кешенінің күн басты бейнелері күн құдайына табынумен, өмірлік айналыммен, табиғи циклмен де байланысты болуы мүмкін. Бұл персонаждардың тур-бұқалар бейнелерімен және мифтік-ғұрыптық кешендермен, әсіресе, құрбандық шалу идеясымен байланысы сөзсіз. Бұл жерде кеуделеріне сурет салынған бұқа бейнелері жиі кездеседі, оларды кей зерттеушілер бақсылық транс сәттерінде алыптасқан күйдің нәтижесі ретінде түсіндіреді. Көптеген әскери қос атты күймелердің бейнелері күн культімен (табынумен) тығыз байланысты. Б.з.б. 2-мыңжылдықтың ортасына қарай далалық Еуразияның қола дәуірі тайпаларында әскери күймелердің культі дамыды. Көне үндіарийлердің қасиетті жазбаларында айтылатындай қоғамда күймелер кастасы ерекше артықшылықтарды пайдаланды. Петроглифтердің тұтас бір бөлігі ежелгі жылқышылардың өмір салттарымен және мифтік-ғұрыптық кешендермен байланысты. «Сейминдік-турбиндік» деп аталатын стильдегі жылқылардың кескіндері анағұрлым көп ұшырасады, мұнда бұл жануарлар үлкен кеуделерімен, әсем құйрықтарымен, сонымен бірге бастарының белгілі бір түрімен бейнеленген. Кей жағдайларда ғана жылқы жалдары күзелген түрде берілген. Қола дәуірінің суреттерінде жаяу және салт атты садақшылар бейнеленіп, аңшылық дәстүрлері көрініс тапқан. Тас суреттер жасау барысында жергілікті ландшафт ерекшеліктері, ғұрыптық-салттық дәстүрлер де негізгі рөл ойнаған және өзіндік семантикалық мәнге ие дыбыстық ерекшеліктері бар ойыстар негізге алынған. Мәнді кейіпкерлері бар жалпақ тастардың кейіннен жерлеу жәшіктері ? цисталарға қолданылуы дүниетанымның өзгеруіне миграциялық процестерге байланысты болуы ықтимал. Мұны ерте сақ уақытымен кезеңделетін Солтүстік-батыс Моңғолия, Байкал сырты және Оңтүстік Сібір бұғы тастарына тән құс тұмсықты бұғылар арқылы байқауға болады. Ерте темір дәуірінің аздаған петроглифтер тобы сол уақыттағы өздерінің ерекше көркемдеу әдісі скиф-сібірлік жануар стилі бойынша танылады. Бұлар әр түрлі экспрессивті қозғалыста, кейде аяқтарының ұшымен тұрған, кейде аяқтары бүгілген бейнедегі маралдар, қабандар және тау ешкілері мүсіндері. Бұл уақыттың сюжеттері жыртқыштардың шөп жейтін жануарларды қинау негізінде берілген. Келесі ғұн-сармат кезіндегі жартас суреттері жасалу стилі жағынан да, тақырыптық жағынан да алдыңғы уақыттың петроглифтерінен ерекшеленбейді. Көне түркі кезеңінің тас суреттері бұрынғы петроглифтердің үстіне немесе жартастың ашық жерлеріне, қолайсыз тұстарға салынған. Ортағасырлық бейнелеу өнеріндегі негізгі кейіпкер ? «бастанаяқ» қаруланған, алдан артқа немесе оңнан-солға қараған күйі бейнеленген салт атпен шауып бара жатқан дала сарбазы. Көне түркілердің бейнелеу өнеріндегі сан қырлы әрі эпикалық образдағы, әскери сипаттағы қаруланған салт атты сарбаздың көрініс табуы, ортағасырлық көшпелілік негізінде қалыптасқан мемлекеттік құрылым мен оның әскери дамуын байқатады. Бұл суреттердің аталмыш өнердегі жанаспалы сюжеттері белгілі бір жанрлық композицияларда көне түркі жауынгерінің асқан ерлігін көрсетуге немес оның даңқын мадақтауға құрылған. Тас суреттердің арасынан кейінгі қазақтардың этнографиялық сипаттағы суреттері оның арғы дәстүрмен мәдени-тарихи тұрғыдан жалғастығын көрсетеді. Кешенге әр кезеңдерде А.Максимова, А.Медоев, А.Марьяшев, А.Ермолаева, Б.Әубәкіров, А.Рогожинский, З.Самашев, т.б. ғалымдар зерттеу жүргізді. 2001 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Таңбалы археологиялық кешеніне республикалық маңыздағы ескерткіш мәртебесі берілді. 2003 жылы «Тамғалы» мемлекеттік-мәдени және табиғи қорығы құрылды. Дереккөзі: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 8 том
Соңғы жаңалықтар