Таңбалы тас

Ұлытаудың тағы бір көне жәдігері, ерекше мәнді айғағы, осы таудан ағып жатқан Сарысу өзенінің төменгі сағасындағы «Таңбалы тас». Мың сан ру таңбасы басылған жартастың түбінен бұлақ ағып жатыр.
None
None
Таңбалы тасқа зер салып қараған болсақ, арғынның көз танбасын, найманның бақан таңбасын, адайдың оқ таңбасын, жағалбайлының балға таңбасын көруге болады. Әрине бәрін атау мүмкін емес, әдейі үш жүздің белгілі руларының таңбаларын теріп қана атап өттік. Ұлытаудың көне ескерткіш белгілердің көпшілігі монғол шапқыншылығы мен жоңғар шапқыншылығы заманының еншісіне қатысты. Араб тарихшысы Ибн-аль-Асир моңғол шапқыншылығы туралы: «Дүние жаралағаннан бері адамзат үшін мұнан өткен аласапыран болған жоқ, ақыр заманның арсы күрзісіне дейін мұндай сұмдықтың болуы мүмкін емес» - деп жазған. Осы сұмдыққа алдымен кеудесін төсеген Ұлытаудың сары белдері мен сағымды далалары. Қазақтың қасиетті қорық мекені «Таңбалы тас» жайлы әңгімелердің бір бөлігі жоңғар шапқыншылығы кезеңіне байланыстырыла баяндалады. Шындығына келсек, бұл ? тіпті Шыңғысхан заманынан да әріден келе жатқан, мәні мен маңызы жағынан Күлтегін ескерткішіне теңеуге тұратын аса құнды жәдігер. Аты аңызға айналған көне ескерткішті 18-19 ғасырларда Ресейден қазақ даласын зерттеуге шыққандардың арасынан арнайы барып көргендер аз емес. Көне дәуірлерден қалған осы тарихи мұраны алғаш рет барып көрген және оны өзінің жолсапар жазбаларында атап көрсеткен Д.Телятников еді. Орта жүздің сұлтаны Бөкейді өздеріне қосып алған А.Безносиков пен Я.Быковтардың Омбыдан Ташкентке шыққан елшілігінің құрамында болған осы подпоручик шеніндегі казак офицерінің «Таңбалы тас» жайлы жазба мәліметтері Омбы мұрағатында сақтаулы. Сапар 1796 жылы болған. 1835-1836 жылдары Атақты әскери тарихшы генерал-лейтенант М.Иванин Орынбор және Батыс Сібір губернаторлықтары арасындағы Телікөлге дейін созылатын шекара сызығы белгілегенде «Таңбалы тастағы» белгі-жазуларды көріп, маңызды тарихи ескерткіш ретінде картаға түсіреді. Санкт-Петербордан арнайы келіп, 1840 жылдарда Жезқазған аймағындағы Басқамыр, Аяққамыр, Талмас-Ата, Болған-Ана, Айтболат және тағы басқа сәулет ескерткіштерін зерттеген профессор А.Шренк «Таңбалы тасқа» арнайы барып, түбегейлі зерделеп, оны «Ежелгі тарихтың сирек куәлігі» деп атаған. 1890 жылдардың басында «Таңбалы таста» болған Омбылық топограф Ю.Шмидт: «Биіктігі қырық жеті метрдей терең аңғарда, ауданы алты шаршы метр болатын жартас бар. Соның бетіне төрт жүз қырық бес рудың таңбалары ойылған. Одан жоғарырақта бұлақ ағып жатыр»,- деп мәнді дерек қалдырған. «Таңбалы тас» ескерткішін зерттегендер қатарында осы Жезқазған жерінің өз тумасы Асанқожа Бекхожин да бар. Атбасар ояздық басқармасында тілмаш болған ол 1895 жылы әскери дәрігер Л.Кузнецовпен бірге «Таңбалы тасқа» келіп, жазулар мен белгілерді суретке түсірген. 1927 жылы Орыс географиялық қоғамының жазбаларында «Ақмола губерниясы Атбасар оязындағы Бетпақдала шөліндегі «Таңбалы тастағы жазулар» атты мақаласын жариялаған. 1928 жылы «Таңбалы тасты» халқымыздың аяулы перзенті, ғұлама ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың арнайы іздеп баруына А.Бекхожин мен Л.Кузнецовтың осы еңбегі басты себеп болған секілді. Оның 1941 жылы жарияланған «Жезқазған ауданының ежелгі тарихы ескерткіштері» атты мақаласында: «Сарысу өзенінің төменгі ағысында, Жезқазған ауданының таңбалы Нұра деген жерінде, Төсбұлақ атты қайнардың қасында, өзеннің бойынан шығыстан батысқа қарай жиырма шақырым жерде тұрған тік жартастың бетінде қазақ халқының құрамына енген барлық рулардың дерлік таңбалары қашалған. Ел аузындағы аңыз дәл осы Төсбұлақ қайнарының қасында рулардың қазақ елін құрған алғашқы тарихи құрылтайы болған дейді. Сол жиынның шешімімен жалпақ жартастың бетіне құрылтайға қатысқан барлық рулар таңбаларын салған», - деп жазылған. Қаныш Сәтбаев осылайша Жезқазған (қазіргі Ұлытау) ауданындағы тарихи ескерткіштер мен аңыз әңгімелерді саралап-салмақтап, Ұлытау-Жезқазған өңірінің қазақ этносының тарихи кіндігі болғандығын негіздеп кеткен тұңғыш ғалым. Осы киелі орынға Қарақұм құрылтайынан кейін жоңғар басқыншыларына қарсы көтерілген қазақ руларының атқамінер ақсақалдары барып, тағы да өз қолтаңбаларын қалдырғандағы жайлы әңгіме Доспер Саурықұлының «Есенгелді» атты тарихи дастанында жан-жақты баяндалады. Бұдан ел тағдыры таразыға тартылған сын сағатта Ұлытаудың Түркістан жақ өңіріндегі бүкіл қазақ қоғамының бойтұмардай киелісі - «Таңбалы тасқа» тағы бір тағзым етілгенін, «Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?» - деген қанатты сөздің шығу тарихын, шешуші сәтте ұлт құрамындағы барлық рулардан қайтадан ант алынғанын көреміз. Бұл үрдісті қазақ қазақ болғалы қиналған кезде елдің бірлігін бағамдап, тірлігін таразылап отырар ежелгі дәстүр деп шамалауға болады. Академик Манаш Қозыбаев: «....Ұлытауда үш жүз тайпалары өкілдерінің қол қойған «Таңбалы тасы» шын мәнідегі қазақтың тұңғыш Конституциясы еді», - деп жазуында да («Егемен Қазақстан», 19 маусым, 1993 жылы) осындай қасиет-қастерге негізделген маңызды мағына, шырайлы шындық жатыр. Сондықтан қазақтың тұңғыш Конституциясы ? Ата заңы Ұлытауда жазылған деп ауыз толтырып айта аламыз. Дереккөздері: Қуаныш Ахметов, Ұлытау, «Менің Отаным - Қазақстан» сериясы, І шығарылым Ақселеу Сейдімбеков, «Күңгір-күңгір күмбездер» кітабы
Соңғы жаңалықтар