Таңдайынан бал тамған: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші әрі журналист Алтын Иманбаева жайлы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкілі домбыра ұстап әуелете ән салатын қаламгер әке мен небір қиын әуендерді құрыш-құрышына жеткізіп құйқылжытатын Кәмеш ана әсері әсіресе алтыншы перзенттеріне көбірек тиіпті. Мәуелі шаңырақтағы он баланың бірі...
None
None

Өмір кейде қызық қой. Осы отбасына бірінен кейін бірі нақ бір құдайдан сұрағандай-ақ бес қыз дүниеге келді. «Құдай қаласа, ендігіміз ұл болатын шығар» деген ата-ана үміті таудай еді. Асық жинап, жарық дүниеге келер ендігі күлшашарды іштей күтетін. Әрине, бұл кезде әке-шешенің қолын ұзартып өмірдей қыздар - Зейникамал, Ботагөз, Марал, София, Ардақ сүйкімін арттырып, үйді жайнатып жіберген. Қыз деген қандай, айнала тап-таза мұнтаздай, іргеде сыңсып тұратын ақ қайың жапырақтарын ақша қылып ойнап, бес бірдей шоқ гүл жұпыны тірлікті жұпар аңқытатын ғой.

Бес қыздың қылығына тоймай көңіл тоғайтқан тұстар тағы да шілдехана кенелтті. Алтындай сыйлады жаратқан. Ата-ана қуанып, Алтын деп атады алтыншы қызын. "Дүние, шіркін, дүрлікпейтін тыныш бейбіт күн кешетін болады, қыз баланың өмірге көбірек келуі соның белгісі" деп сәби иелері салмақтана түсетін. "Менің алтындай-алтындай алты қызым бар" дегенді мият тұтатын жазушы әке жетінші қызы дүниеге келгенде де кең пейілі тарылған жоқ. "Құдайдың бергеніне шүкір" деп мәз болып, оның есімін Қуаныш атады. Ауыл аймақ, көрші-көлем:"Несіне қуанып Қуаныш атап жүр екен"дегенді айтып күлген болатын.Өз бастарына келсін!

Ақыры осы алтыншы қызы Алтын ақжолтай болды. Оның артынан Қуаныш, Зейін, Зейнұр, Аяжан ерді. Сөйтіп, тамырын терең жайған бәйтеректей қара шаңырақтан құдайдың бере салған он баласы өсіп-өнді. Солтүстік Қазақстанның Шалақын ауданы, оның Ортақкөл ауылы жұмаққа бергісіз мекен екенін жұрттың бәрі біледі. Бір жағы Ортақкөл, екінші жағы Жалтырша көл - қос көлдің ортасындағы жер ұйығының табиғаты сыланып, сахнаға шыққалы тұрған ару әншіні елестеткендей сұлу, сылқым, көрікті.Сондықтан ол жердің тұрғындары да әдемілікке әуес, ақ қайыңға оранған қордалы өлке өнердің де туын тіккен. Сал-серілер сайран салған салқын-самал аймақтың бір түтіні Зейнел-Ғаби Иманбаев пен оның жан қосағы Кәмеш ананың бауырынан өрген балапандары да өнерпаздық үрдістен нәр алып бойжетті, ержетті. Қазақтың қаймақты сөздеріне қанығып өскен Зейнекең ұшқыр қаламын өміріне серік етті. Әрі домбыра шертіп ән салатын, оған серіктесіп Кәмеш те халық әуендерін сан құбылтып өрлетеді. Міне, сол дәстүр, салт санаға сіңіп, тұла бойға дарыды. София күй тартып, Марал ән шырқап, шаңырақтың сәні келіп жататын. Қаламгер әке осының бәрінен рахат тауып, жазушылық жолын жалғастыра беретін. Он баланың ортасында уақыт тауып, шығармашылықпен айналысу, әрине, оңайға түспегені анық. Бірақ балашағы думаны шалқып жатқан қуанышты шаңыраққа не жетсін! "Балалы үй - базар" емес пе, тәйірі! Осылардан қуат алып, өмірін ұзартқандай сезінетін. "Балаларым - бақытым" дейтін белгілі жазушы сол өзінің туған ауылында тапжылмай тұрып-ақ кітап жазып қалың қағазымен сырласқан, мұңдасқан-ды. Әр баланың қабілеті ата-анаға аян ғой. Әсіресе, үні шырылдаған шынашақтай Алтыны ашық дауысты әрі арқасы бардай көрінеді. Бірінші сыныпқа барған жылы домбыраны бауырына басып отырып "Елімайды" еңіреткенде-ақ: "Әй, осы самородный сары алтынымнан үлкен әнші шығады" деп құшағына қысқан әкесі. Асқар таудай әке ықыласы, тіпті, арқаландырып жіберді ме, алтыншы қыз енді айылын жимайтын болды. Өлең, тақпақ жаттап, жағы талғанша іркілмей айта беретін әдет тапты.

Домбыраға қосылып көрші, - деді бірде әпкесі София бесінші сыныпта оқитын сіңілісіне. - Қолың келіп тұр. Дауысың да әдемі. Енді осы екеуін астастыру керек. Қане, бір, екі, үш...

Алтын біраз жүрексініп отырды да тәуекел етті. Қос ішекке қосылып шырқаған жақсы екен. Өзі де соны сезгендей болды.-

- Әй, осы София әпкесінің бір сиқыры бар. Ойына алғанын орындата алады. Бағыт-бағдар беруге шебер. Қия бастырмайды. "Қолыңнан келеді, сен қалай да жасауға тиіссің" деп адамды сендіргенде ғажап енді. Әр үйге осындай бір оптимист бауыр керек қой, шіркін!

Міне, сондай кейін-ақ домбыраның қос ішегіне дауыс қосып шырқай берді. Алдымен әке ризалығы ерекше еді. "Ой, менің сары Алтыным Жүсіпбектің шәкірті болады" деп мақтаныш қылатын. Арқаның аспандаған биік әндері жетегіне алып, ауыл-аймақтың жұртшылығы алдына шығатын батылдық бітті. Өйткені, арқа сүйер Алатаудай әке қуатты емес пе. Енді қарайлайтын не бар, тәуекел тізгінін түйіп, өнер тұлпарына үзеңгі салу керек. Анау Игібай Әлібаев -ақын әрі әнші , осы төңіректі керемет қызыққа бөлеп, өнеріне тәнті етіп жүр. Оның әсері де аз болған жоқ. Таңдайынан бал тамған осындай адамдардың арманы бар ма екен, бұл дүниеде?! Жан-жағын әнмен қырып, тамсандырған талапты ерлер бұл маңда көп. Ал қыз баланың ел аралап, түз қонып өнер жолына түсуі қиынға соқпас па екен, тәйірі?!

Ол жағын уайым қылып, бас қатырар албырт жас па, әкесі қалаған әншілік аулына - Алматыдағы екі жылдық өнер студиясына тартты да кетті. Бастауыш білім берген Ортақкөл, онжылдықтың аттестатын қолына ұстатқан көрші Баян ауылы ақ бантигі желбіреген жергілікті әнші қыздарын өнер бәйгесіне қосып кеп жіберді.

Ақ қайыңның арасында, қос көлдің жағасында, әнші-жүрек әке-шешенің әлпештеуінде еркін өскен шаңырақтағы құдай иіп бере салған он баланың еркесі Алтын қыз ауыл сахнасындағыдай Алматыда да қаймықпай шырқады. Айналайын, асқар таудай әке, қызының мүмкіншілігін білген екен. Ен далада әуелетіп шырқап жүрген Біржанның "Жонып алдысы" мен "Жалғыз аршасы" сынақтан сүріндірмей алып шықты.

Өттің жалған,

Кештім сайран.

Уа, шіркін,боз бала,

Жастықтың әсерімен

Салдым сайран, - деп "Жалғыз аршаның" қайырмасын өксіте аяқтағанда бағалаушылар бастарын сыпыра изесті.

- Біржанның тағы қандай әндерін білесің?

- "Ләйлім шырақ", "Теміртас", "Сырғақты" - деп, күнде өзі орындап жүргендерін тізе бастағанда, комиссия мүшелері түгел риза екендіктерін аңғартты.

- Асқақтаған айдарлы әндердің қалың ортасынан келген екен қызымыз. Тынысы кең, ашық. Балаң дауыстың бас асаулығы да бар. Нағыз Жүсекеңнің класына сұранып тұр.

Дәл осындай пікір есту мектепті жаңадан бітіріп келген талапкер үшін үлкен демеу емес пе?!

Бақ сынаушылар көп. Сегіз рет сүзгіден өткен соң барып, Жүсіпбек Елебековтың сыныбына шәкірт болып қабылданды.

Мінекей, бүгіндері сол оқиғалардың бәрі де елес сияқты. Ұстаздар талқысы артық-ауыз мінез-қылықтарды қалыпқа салып, домбыра қағысы мен ән шырқаудағы шеберлікті де шыңдап орнықтырды, Нағыз мектеп- ән салу мектебі босаңсуды, бос кеуделікті кешпейді екен. Талай бусанып, кеуде қаққандар киелі өнердің қаһарына ұшырады. Оны да көз көрді, құлақ естіді. Әйтеуір әке арманы орындалды. Қызы әншілік оқуға түсті. Оны да ойдағыдай бітірді. Алып ұшқан жүрекпен жолдамасын алып, өзінің туған өлкесі- Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясына барды. Сахнада ән салды. Ел аралап cу кешті. Репертуар молықты. Бірақ. Көңіл жайланбады. Әншіге деген қамқорлық байқалмады. Жағдай жасайтын түрлері жоқ. Өз елім, өз жерім деп жүрегін қолына алып, Қызылжарға асығып жеткені бекер екен. Биліктің бәрі бюрократтардың қолында. Орыс болып кеткен бәрі. Қазақтардың өзі орысқа бергісіз. Халық өнерпаздарына салғырт қарайды. Сосын көп нәрседен көңілі қалып Алматыға қайта оралды.

Енді ойласа, елдің бәрі әкесіндей қамқоршы емес екен ғой. Талай тас жүректі көрді, тілі тәтті, діні қатты қаншама пенделер бар. Құдай олардың бетін аулақ қылсын.

Біржан сал:

Ал, дүние. өтеріңді біліп едім,

Білдірмей серілікпен жүріп едім.

Бұл күнде арық қойдан бағам төмен,

Үш жүзді сайран қылған Біржан едім,-дегенді бекер айтпаған-ау. Күйіндірген айналасына налып « Теміртасын» шығарған. Өксікпен шырқаған. Алтынның өмірінде де қынжылған, өкпелеген сәттері болды. Бірақ соның бәрінде де аспандаған әндерді әлдилеп. Ұмытуға, ыдыратуға тырысып бағатын. Әлдекімдерге ренжіп қалғанда үкілі домбыраны төрге іліп қойып, тып-тыныш қана жүрсем бе екен деп те ойлайтын. Сосын өзіне тілектес болған әкесінің "Менің алтын қызым әнші болады"деген мақтаныш сөзін есіне алып, намыс оты қайта тұтанып қоя береді. Әртүрлі өнер ұжымдарында жұмыс істеп, әншілігін де жалғастырып жүрді. Бірде отбасының жағдайы келмей, бірде өнер ұжымы басшыларының оң қабағы байқалмай арнайы әншілік кәсіптен сырт қалуы көбейген сайын көңілі құлази түсетін. Бірақ, өзін-өзі жұбатып. өзін-өзі қайрап, университетте алған екінші мамандығы-журналистік шеберлікке қамшы басуға тырысатын. Кітап Палатасында, баспада қаламын ұштаған өнерге құштар жан оңаша сәттерінде көңіл күйлерін ақ қағазға түсуге де бейім. Бірде жыр боп, бірде ән боп іңгәлайтын жан шуағы негізін әкесі дүниеге әкелген қаншама мұқабалы кітаптардан алып жатқаны анық. Қайран әке, өзіне қанымен де. Жанымен де тартып туған қызына табиғи жалғасым деп үміттенді ме екен, әлде... Өлең жазып, ән шығаратын, прозаға ден қоятын қабілеті ашылатынын алдын ала сезе білген де шығар, бәлкім. Сөз құдіретін құлай түсінетін әнші болса, өз жазғандарымды жанымен ұғынар деп те тілеп жүруі әбден мүмкін ғой.

Қазақ радиосының жұмысқа барғалы бері музыкамен көркемдеу редакторы ретінде көп нәрсеге араласты. Әсіресе қордаланып жатқан алтын қордағы сирек орындалатын ежелгі әндер қазынасына қанықты көзі. Өзі үшін де, тыңдаушы үшін де аса қажет халық мұрасы әуе толқынында жиі-жиі қалықтап тұруы керек қой. Ойына осыны мықтап түйді. әселен, фонотекадағы Сара Мамытованың орындауындағы халықтың "Әгаги қалқашы" қандай десеңізші!.. Немесе Серғали Әбжанов шырқайтын "Ой, дүние-ай", "Жетіарал" әндері жан-дүниеңді байытпай ма?

Міне, осылар сияқты сұлу да сырлы әндер оның бұрынғы білгендерін молықтыра түсті. Өзі лайым әуелетіп, аспандатып шырқап жүрген Сәкеннің "Тау ішінде", Мәдидің "Үшқара", Ақансерінің "Әудемжер", Үкілі Ыбырайдың "Гәкку" әндері қай қазақтың да көңілін тербеп, жүрегін лүпілдетеді.

Әуе толқынынан өнер адамдары жайлы радиоочерк, радиоәңгіме жазып машықтанған әнші Алтын журналист Алтынға айнала бастады. Шіркін, тақырыбын түсініп жазғанға не жетсін! Ол оған жеңіл соғады. Өйткені өнер өзінің өмірі ғой. Жанына жақын. Екі бірдей өнерді- әншілік пен журналистік кәсіпті тұлабойына бірдей сіңірген ол республикаға белгілі Алтын Иманбаева болды. Қаламгер Зейнел-Ғабидың алтыншы қызын барша жұртшылық теледидардан көріп, радиодан естіп жүр.

Ал, шығармалары газет-журналдарда жарияланып тұрады. Теледидардан ауық-ауық көрсетіліп тұратын "Есілдің жағасында көрдім сені', "Алтын Иманбаева ән шырқайды" атты әдеби-музыкалы хабарлар дарынды жанның өнерпаздық өмірбаянына зер салдырды. Сондай-ақ ол "Қазақтың келіндері-ай", "Қарттарым-қазынам", "Алтын сақа» сияқты басқа да ұлттық салт-сананы қалыптастыратын телебағдарламада, атап айтқанда, "Рахат" телебағдарламасындағы "Ой толқын", "Әулет" арнайы бағдарламасында, Қазақ теледидарында 'Замана сазы", НТК телебағдарламасындағы тікелей жүргізілген хабарларда Алтынның шығармашылығы жайлы ортақ ой айтылды.

"Өлең айтсам жеңілдеп қаламын" деп ағынан жарылатын арқалы ару -Алтынның ән мөлдіріне сусындататын шабытты сәттеріне талай жанкүйерлер куә болып қол соғатыны кәміл. Небір айтулы жиындар мен кездесулерде күмістей үнін өрлетіп, қазақ әндерін тамылжытатыны кім-кімді де риза етеді. Таспаға жазылып, күйтабаққа түскен өнер өмірбаяны деген осы болса керек-ті. Шіркін, шаңыраққа шаттық үні естіліп жатқанға не жетсін!

Алтын көңілі тасып қуанса да, тауы шағылып мұңайса да әкесінің кітаптарын парақтайды. Содан жұбаныш табады. Міне, оның қолында "Солмайтын гүл" атты повестер мен әңгімелер жинағы. Өзіне қымбат адамның мейірімі аңқып тұрғандай. "Айнымас серігім, балаларымның анасы Кәмеш Байқасқызына" деген авторлық арнау сөзге көзі әбден үйренген. Өмірге он бала сыйлаған анасы есіне түсті. Асыл ана туралы өзі шығарған әнін ыңылдап қойып, кітапты әрмен қарай оқи берді."Балаға анық көз тиді, кәзитке өлеңдері шыға бастағаннан -ақ жұрт "Қара шалдың мына баласы Жамбылдай ақын болайын деп тұр"деп шуласып еді, тіліңе шоқ түскір. 'Адам тілі тас жарады, тас жармаса бас жарады" деген осы емес пе, балгерді әкеп дем салғызбаса болмайды..."

Алтынға таныс тағдыр, мағлұм өмір.

"Сонау Қызылағаш, Қоңыр жақтан жаяулап "аққан" жылы жел бетеге басын үрлеп, жайлап тербетеді."

Алтынның көзі қанық елді мекендер, жанға ыстық жер аттары.

"Қоскөл жақтан қаздар қаңқылдайды..."

"Таң атыпты, үй суып кеткен. Шешесін аяп, от жағайын деп еді, тұтанбады. Үй шаруасына қол тигізбестің өзі еді. Бикамал ойына түсті. Ол болса мына от маздап жүре берер еді-ау. Көп үрледі. Көп әуреленді.Бір кезде есік ақырын ашылып, қыз кіріп келе жатты. .."

Алтынның анасы Кәмеш көз алдына тұра қалды.

"Бикамал, серпіліп, Әсеттің бір әнін шырқап жіберші-деді Қабиден. Өзі де еңсесін көтеріп. Қызға жақындай отырды.Саусақтар перне бойымен жасқана жылжып кәдімгі Әсеттің әні.

Қозы Көрпеш Баяндай,

Бір молада өлсем-ау,- деп мұңды арманмен сызыла шықты.

Қыздың кескіні қып-қызыл болып, көздері жасаурай отырып домбыра сазына қосылды. Ән адам айтқысыз нәзік те әсерлі әуенмен өрлей берді. Бикамал жиі айтатын осынау әйгілі әнді кейбіреулер Әсеттің әні деуден гөрі Бикамалдың әні дегенді ұнататын...

Әнеки, Алтынның өнер өрісі , әншілік өзегі қайдан бастау алатыны ақеділ әке туындыларында да толқын атып жатыр екен-ау. Әттең, бірақ, артында кітабы қалды, өзі жоқ, өмірден озды. Ал артында жапырағын жайған қосағы ошағын жағып отыр. Ал, таңдайынан бал тамған Алтын қызы домбыра мен қаламды қатар ұстайтын дәрежеге жетті.

Бүгінде Қазақ радиосының «Алтын қор» бөлімін басқарып отырған Алтын Иманбаева өз еңбегінің жемісін көріп, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды. Жазады және ән шырқайды. Елге егіз өнерімен сүйкімді.

Жазушы Орысбай Әбділдаұлы

Соңғы жаңалықтар