Таным белгісі жоқ көліктер жол ережесін бұзушыларды анықтап жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл республикалық жолдардың 20 учаскесінде лазерлік жүйе орнатылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов айтты.
— Трассаларда лазерлік жүйелер енгізіліп жатыр. Қазіргі уақытта 22 учаскеде 56 осындай құрал бар. Ол түнгі уақытта және ауа райы бұзылған кезде жүру бағытын көрсетіп отырады. Бұл жұмысты жалғастырамыз. Жылдың соңына дейін қосымша 20 учаскеде 48 жүйе орнату жоспарда бар, — деді Ержан Сәденов.
Оның атап өтуінше, жолдардағы қауіпсіздікті сақтау және заң бұзушылықтарды анықтау үшін дрондар мен мобильді кешендер белсенді қолданып жатыр.
— Олар таным белгілері жоқ көліктерге орнатылады. Мұндай тәсілдер жол ережесін бұзу фактілері, қарсы жолаққа шығу жағдайларын көбірек анықтауға, мас жүргізушілерді тезірек ұстауға, өрескел құқық бұзушыларға қатысты қамау шарасын кеңінен қолдануға мүмкіндік береді. Нәтижесінде жолдағы қауіпсіздік жағдайы айтарлықтай жақсарып келеді, — деді министр.
Айта кетейік, отырыста жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралып, жылу беру маусымына дайындық барысы пысықталып жатыр.