Танымал әншіні Түркістан облысында тойда соққыға жықты

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Оқиға Төлеби ауданының Зағамбар ауылында болған.

Танымал әншіні Түркістан облысында тойда соққыға жықты
Фото: instagram.com/azoda.tolaevna

Әлеуметтік желіде тараған видеодан тойханада ән айтып тұрған Азода есімді әншіге ер адам соққы жасағанын көруге болады. Салдарынан зардап шеккен әнші жерге құлаған. Одан кейін оған жан-жағындағы адамдар көмек көрсеткен. Кейінірек Азоданың өзі хабарлағандай, шабуыл жасаған адам оның бұрынғы қайын атасы болып шыққан. Оның айтуынша, ол оқиға кезінде мас күйде болған.

– Мен ән айтып тұрған кезде ол келіп, бар күшімен ұрды. Бұл көпшілік алдында, көптеген адамның көзінше болды. Кінәлі заң бойынша жазасын алсын деп өтінемін, - деп жазды әнші өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, оқиға болған күні ер адам наркологиялық сараптамаға жіберілмеген. Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның болғанын растады.

– Аталған дерек бойынша «Ұрып-соғу» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті анықталып, полицияға жеткізілді. Барлық мән-жайды анықтауға бағытталған қажетті шаралар жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданады. Полиция кез келген құқыққа қайшы әрекет заң аясында жауапкершілікке әкелетінін еске салады, - делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістанда медицина қызметкеріне күш қолданған тұрғын қамауға алынған болатын.

Соңғы жаңалықтар