Танымал екі қаламгер Махамбет атындағы халықаралық сыйлықтың иегері атанды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда Қазақстан Жазушылар одағының көшпелі пленумы аясында танымал ақын мен әдебиет сыншысына дауылпаз ақын Махамбет атындағы халықаралық сыйлық берілді.

Аталған сыйлықты Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрындағы салтанатты шарада табыс етті.
Дауылпаз ақын атындағы халықаралық сыйлыққа екі қаламгер ие болды. Сыйлық иегерінің бірі — ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Иранбек Оразбаев, екіншісі — әдебиет сыншысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова.

Ел жадында рухты жырларымен сақталған ақын Махамбет атындағы халықаралық сыйлықтың 2 млн теңге көлеміндегі қаржысы бар.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын композитор Илья Жақанов Қазақстанның құрметті жазушысы атанғанын хабарлаған едік.
Сондай-ақ, Атырау меценаттары қаламгерлердің кітабын шығаруға демеушілік жасайтынын жазған болатынбыз.