Танымал қазақстандық әншілер Ташкент төрінде концерт берді

өзбекстан концерт
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Белгілі қазақстандық эстрада әншілері Өзбекстандағы қазақтарға арнап Ташкент төрінде концерт берді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Концертте Мархаба Сәби, Мәди Сыздықов, Yenlik атымен танымал Еңлік Құрарбек сияқты отандық әншілер, ағайынды композиторлар Ғаламат және Нұрәлі Бейсеқожалар өнер көрсетті.

концерт
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

«Қандастарға өнерімізді көрсету мүмкіндігін алғанымызға қуаныштымыз. Себебі, біз өзіміздің кім екенімізді ұмытпауымыз керек. Бұл концертке тек Ташкенттегі қазақтар ғана емес, сондай-ақ Өзбекстанның басқа өңірлерінде тұратын азаматтар да келді. Өнерге ғашық көрерменді көріп, кеудемізді мақтаныш сезімі кернеді», – деп тоқталды қазақстандық әнші, рэп орындаушысы Еңлік Құрарбек.

өзбекстан концерт
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Мәдени шара аясында шырқалған ән мен шертілген күйден бөлек, «Отандастар» қоры Өзбекстандағы қазақтарға арнап әкелген кәдесыйларын табыс етті.

«Отандастар» қоры ұйымдастырып жатқан «Қоржын» жобасының кезегі бізге, яғни өзбекстандық қазақ мәдени орталықтарына келіпті. Олар қазақтың ұлттық аспаптарын, киімдер, ту және кітаптар ала келген екен. Соны бізге тарту етті. Оны біз Бұхара облысына алып кетеміз, кейін көрмеге қоямыз. Өнер ұжымының шеттегі қазақтарды іздеп келгендеріне өте қуаныштымыз. Осы орайда, Өзбекстанда жүрген, көтеріле алмай жатқан өнерлі қазақ жастары бар екенін айта кеткім келеді. Соларды таныту мақсатында түрлі сайыстар ұйымдастырылса, өнер байқауларына шақырса деген ұсынысымз бар», – деді Бұхара облысындағы мәдениет орталығының төрайымы Назакат Боранбаева.

Соңғы жаңалықтар