Танымал тұлғалардың парақшасына жағымсыз пікір жазатындар кімдер – психолог жауабы

Серікгүл Сәли
Коллаж: Kazinform/instagram.com/serikgul_sali

Ғаламтор мен әлеуметтік желі өмір салтымызға дендеп енгелі кибербуллинг мәселесі де пайда болды. Әсіресе, әлеуметтік желіде оқырманы көп блогерлер, әншілер мен әртістер бұдан аз зардап шегіп жатқан жоқ. Танымал тұлғаларға жағымсыз пікір қалдыратындар кімдер? Олар мұндай әрекетке не үшін барады? Осы туралы психолог Серікгүл Сәлиден сұрап көрдік.

«Әлеуметтік желіде жаман пікір жазу арқылы буллинг жасаудың түбірі күнделікті өмірдегі буллингтен бастау алады. Қазір жаңа технологиялар дамыды, интернет пайда болды. Адамдар күнделікті өмірде ғана емес, әлеуметтік желілерде аралас-құралас болады, қарым-қатынас құрады. Сондықтан қазір кибербуллинг көбейді. Екінші жағынан ол адамның көзіне тіке қарап отырмағандықтан, ойына келгенді жаза береді. Өзінің агрессиясын осы арқылы шығарады. Жалпы адамның табиғаты біреуге шабуыл жасағанды, тиіскенді жақсы көреді. Архитептік деңгейде адам үлкен аңдарды аулау үшін ұжымдасып өмір сүрді. Олар алғашқы қауымдық құрылыс кезеңде ұжымшыл болмағанда, ірі аңды аулай алмай, азықсыз қалатын еді. Аң олардың құрбаны болды. Сол сияқты белгілі бір адамға тиіскен кезде де адамдар құрбанға қарсы ұжымдасып, әрекет етеді. Мәселен, біреуге әлеуметтік желіде жаман пікір жазса, адамдар соны қолдай кетеді. Бірден ұжымдаса қалады. Бұл әр адамның түп санасында қалған. Тек адамгершілік тұрғыдан биік деңгейге жеткен, рухани өсуіне мән беретін адам ғана мұндай қадамға бармайды. Мұндай үрдісті қоғамдағы адамдардың гуманистік интеллектін өсіру арқылы ғана тоқтата аламыз. Ізгілік, білім сияқты құндылықтар тереңдеген сайын мәдениет өсіп, жағымсыз әдеттерден аулақ бола бастайды», - дейді психолог.

Маманның айтуынша, жағымсыз пікірді балалық шақтан шыға алмай қалған адамдар жазады.

«Жаман пікір жазатын адам азаматтық пікірімді білдіріп отырмын деп ойлайды. Бірақ бұл олай емес. Ол адамның белгілі бір даму кезеңдерінен өтпегенін көрсетеді. Әсіресе, балалар осы архитептік деңгейде ғана ұжымдаса алады. Сондықтан да балалардың арасында буллинг көп. Ал әлеуметтік желіде жаман пікір жазатындар осы бала деңгейінде қалып қойғаннан осындай әрекеттерге барады», - дейді Серікгүл Сәли.

Психолог өмірде буллингтің түрі көптігін айтады. Қай-қайсысы да адамдардың біріге кетуінен туындайды.

«Адамдар арасындағы буллинг әлеуметтік желіге ғана тән емес. Мәселен, туыстар арасындағы буллинг, ұжымдағы буллинг, мектептегі буллинг, университеттегі буллинг сияқты жалғасып кете береді. Неге келін түскеннен кейін көп мәселелер пайда болады? Оны жамандауы, намысына тиюі, оны құрбан ету сияқты жайттар болады. Ал енді мектептегі буллингке келетін болсақ, бір баланы мазақ қыламыз деп бәрі бірігіп тату бола қалады. Адамдардың ортасында жек көру деген болады. Осы жек көру сезім біреуге бағытталуы керек. Сондықтан да ол өзінің құрбанын таңдайды. Әдетте өмірдегі құрбандар өзін қорғауға қауқары аз адамдар болып жатады. Ал әлеуметтік желідегі танымал адамдарды көп адам көреді. Сондықтан олардың арасынан жаман пікір қалдыратын адамдар шықпай тұрмайды. Біреу бастап кетсе, басқалары оны іліп әкетеді. Интернетте өзіңнің жеке басыңды жасырып, пікір қалдыра беруге болады. Тіпті қолайлы. Сондықтан да танымал адамдарға буллинг көп», - деп түсіндірді ол.

Соңғы жаңалықтар
telegram