Танк ішіндегі өмір: Экипаж әскери техниканы бірнеше ай паналауы мүмкін

Командир танкового батальона Феруза Тулабаева
Фото Феруз Тулабаевтың жеке мұрағатынан

АСТАНА. KAZINFORM – Әлемнің көптеген елінде армияның негізгі жауынгерлік құрамдас бөлігі танк әскерлері саналатыны рас. Бүгінде елімізде брондалған техниканы тізгіндеген танкішілер жыл сайын кәсіби шеберліктерін шыңдап келеді. Жауынгерлік көлік ішіндегі өмір жайлы Жамбыл облысы Қордай ауданындағы 21450 әскери бөлімінің бірінші танк батальонының командирі Феруз Тулабаев айтып берді.

Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Ынтымақ ауылында дүниеге келген Феруз Тулабаев бала кезінен әскери қызмет туралы армандаған.

«Мен танкті алғаш рет 10-сыныпта көрдім. Біздің үйіміз әскери бөлімнің жанында болатын. Бірде үлкен зеңбірегі бар Т-72 танкісі көзіме түсті. Кейін 11-сыныпта атам менен болашақтағы арманымды сұрағанда бірден әскери адам боламын деп жауап бердім", - деді ол өткен күндерге көз жүгіртіп.

Осылайша, Феруз 2012 жылы Алматыдағы Құрлық әскерлерінің Әскери институтына танкист мамандығына оқуға қабылданады.

Оқуды аяқтағаннан кейін әскери қызметін танк взводының командирі болып бастайды. Кейін танк батальонын басқарды. Бүгінде оның еңбек өтілі 12 жылға тең.

Феруз Тулабаев Т-72 танкін басқарады. Бұл жауынгерлік машинада дизель отынымен жұмыс істейтін, диапазоны 500 км-ге дейін жететін B-84 қозғалтқышы бар.

Оның батальонында барлығы 31 танк тіркеулі.

Танк
Фото Феруз Тулабаевтың жеке мұрағатынан

Командир түсіндіргендей, танктің ішінде әрқашан үш адамнан тұратын экипаж болады: жүргізуші механик, оператор-зеңбірекші және танк командирі.

Командир мақсатты айқындап, сәйкесінше танктің қозғалыс бағытын анықтайды.

Жүргізуші механик оның нұсқауларын орындайды, ал зеңбірекші зеңбіректі тауып, нысанаға бағыттайды.

«Әдетте танкте снарядтардың бірнеше түрі қолданылады: кумулятивті, жоғары жарылғыш және броньды тесу-подкалибер. Олардың әрқайсысы әртүрлі мақсаттарға арналған. Мәселен, кумулятивті снаряд нысанаға тиген кезде оны тұтатады. Жоғары жарылғыш снаряд жарылыс туындатса, броньды тесу-подкалиберлі снаряд брондалған нысанды жояды»,- дейді ол.

Феруз Тулабаевтың айтуынша, Т-72 танкі су астында 5 метрге дейін жүре алады.

Танкішілер әрқашан физикалық дайындығына мұқият қарауға тиіс. Себебі, снарядтармен жұмыс істеу әжептәуір күшті қажет етеді.

Әрбір жинақталған снарядтың салмағы 23 кг-ға дейін жетеді екен.

Танкисты, танк
Фото Феруз Тулабаевтың жеке мұрағатынан

Феруз Тулабаевтың айтуынша, Т-72 танкісінде орын аз, іші тар. Сондықтан да салмағы 80-90 кг-нан асатын сарбаз мүлдем жарамайды. 

Жүргізуші механиктің де бойы қысқа болуы керек. Механиктің бойының орташа биіктігі 150-ден 170 см-ге дейін болса қалыпты саналады.

Бойы өз алдына, физикалық тұрғыдан өте мығым болуы қажет. Өйткені, салмағы шамамен 72 кг болатын люкті бір қолмен оңай ашып, жабуға қиналмауы керек.

Командир ұзақ операциялар кезінде экипаж бірнеше ай бойы танк ішін паналауы мүмкін екенін атап өтті.

Қорғаныс кезінде танкте өздігінен қазуға арналған жабдық қосылатын көрінеді. Бұл әдіспен жауынгерлік машинаның өзі траншея дайындайды екен.

Бүгінгі таңда командирдің күнделікті міндеттеріне тек жауынгерлік машиналарды басқару ғана емес, сонымен қатар әскерге шақырылушыларды оқыту, атыс және тактикалық жаттығулар өткізу жұмыстары кіреді.

«6 ай ішінде әскерге шақырылған сарбаздар алдымен өзіне бекітілген танкпен танысып, кейін әр құрылғысы жайлы зерттей бастайды. Әрі қарай ол өзінің міндеттерін механик немесе зеңбірекші ретінде үйренеді. Содан кейін оқытудың басқа кезеңі басталады. Күн сайын сабақтар күрделене түседі»,- дейді командир.

Командир танкового батальона Феруз Тулабаев
Фото Феруз Тулабаевтың жеке мұрағатынан

Әр алты ай сайын Феруз Тулабаев 18 зеңбірекші мен 27 механикті оқытады.

Командир бұған дейін Халықаралық Армия ойындарына, атап айтқанда Ресейдегі Танк биатлонына белсенді қатысқан.

2017 жылы оның батальоны 2-орынды, 2018 жылы 4-орынды, 2019 жылы 20 мемлекет арасында 3-орынды иеленген.

Соңғы жаңалықтар