Танымал актриса Ә.Мәмбетова шығармашылық сапармен туған жеріне келді - БҚО

Қала әкімі Болат Шәкімовтің қабылдауында болған танымал актрисаның айтуынша, 18 мамыр күні Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» пьесасы бойынша қойылған спектакльде Гүлбаршын ролінде сахнаға шықпақ. «Ең әдемі келіншек» ретінде танылған Ә.Мәмбетова осы бейнені жиырма жылдай уақыт бұрын аталмыш театр сахнасында да сомдаған болатын.
Батыс Қазақстанның қазіргі Теректі ауданында өмір есігін ашқан Әсел Т.Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр және көркемөнер институтын 1984 жылы бітіргеннен бері Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында еңбек етіп келеді. Жүргізушілігімен көпке мәлім, киноға да түсіп үлгерген Ә.Мәмбетова 2000 жылдан бері Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында, сондай-ақ 2008 жылдан Ж.Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінде ұстаздық етеді.
Әсел 2009 жылы Елбасы Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алғаннан кейін туған жеріне келіп отыр.