Танымал әншілер мен ақындар Ұлттық музейде ежелгі дәуірден тәуелсіздікке дейінгі тарихты баяндамақ

«Ұлттық музейде «Жұлдызды гид» деген жобаны жүзеге асырмақпыз. Бұл жобаның ерекше орны бар. Себебі, Ұлттық музей тарихында, жалпы, Қазақстандағы музейлер арасында осындай жоба алғаш рет өткелі отыр. Жобаның «Жұлдызды гид» деген атауының өзі жарасымды сияқты. Өнер жұлдыздарының қоғамда, шығармашылықта орны бар адамдар. Менің ойымша, бұл жоба - өзгелерге үлгі боларлық дүние. Бұрын соңды Қазақстан музейлерін былай қойғанда, ТМД мемлекеттерінің музейлері арасында осындай жоба жүзеге асырылғанын естіген жоқпын. Ұлттық музей қазақтың қара шаңырығаны айналып келе жатыр», - деген Д.Мыңбай ілкі жобада бір күнін гид қызметінде атқаратын жұлдыздарды таныстырды. «Жобаға қатысатын жұлдыздарға тоқталсам, олар - Құрмаш Маханов, Досымжан Таңатаров, Клара Төленбаева, Қарақат Әбілдина, Гүлнұр Оразымбетова, Маржан Арапбаева, Қалқаман Сарин. Міне, өнерлері өрге жүзіп келе жатқан азаматтар Елбасының тапсырмасымен ашылған Ұлттық музейді елге танытуға үлес қоспақ», - деді Д.Мыңбай. Жалпы, идея авторы - Ұлттық музейдің шығармашылық ұжымы. Ұжым музей директорына фотосуреттер конкурсы, үздік режиссерлік жұмыс сияқты байқаулармен қатар, осы «Жұлдызды гид» жобасын ұсынған екен. Өз кезегінде музей басшысы халыққа қызықты әрі пайдалы болады деген жобаларды таңдап алып, оны жүзеге асыру туралы тапсырма берген. «Жұлдызды гид» жобасы аясында музей біраз әншілерге ұсыныс білдірген. Солардың арасынан алдымен қолдау білдіргендері іріктеліп, жоба аясында дайындығын бастаған. Музей ұжымы болашақта бұл жоба жылына бір рет емес, тіпті, айына бір рет өткізуге дайын екенін жеткізді. « «Ежелгі және орта ғасырлар» залының гиді - Қалқаман Сарин, Қарақат Әбілдина «Алтын» залында, Досымжан Таңатаров «Этнография» залын, Клара Төленбаева «Тәуелсіздік» залын таныстырады. Гүлнұр Оразымбетова «Астана» залын, Құрмаш Маханов «Тарих» залын таныстырады»,-деп хабарлады Д.Мыңбай. Ал, баспасөз мәслихатына қатысқан ақын Қалқаман Сарин негізгі мамандығы тарихшы болса да бұл жобаға тыңғылықты дайындалып жатқанын жеткізді. «Маған «ежелгі дәуір мен орта ғасырлар тарихы» залы бұйырыпты. Менің мамандығым - тарих пәнінің мұғалімі. Бұл жоба менің оң жамбасыма келген жоба болды. Бірақ, бұл да жауапкеріліктен жалтаруға себеп тудыратын жағдай емес. Ежелгі және орта ғасырлар тарихына қызығып келген адамдарға нақты дерек беру тыңғылықты дайындықты қажет етеді. Осы жобаның алғашқы күнінен бастап, гид болып жұмыс істейтін қыз-жігіттермен тығыз байланыс орнаттық. Ұстаздық қызметіммен салыстыруға да келмейді екен. Себебі, сабақта 60-80 минут көсіле сөйлесек, ал, музейде 10 минут ішінде түгел бір дәуірдің тарихын баяндап беру керек»,-дейді ақын Қ.Сарин. Музей директоры хабарлағандай, «Жұлдызды гид» жобасына қарамастан, 26 қараша күні музейге кіру бағасы өзгермейді әрі гидттердің жұмысы аяқталған соң, жұлдыздар гид рөлінен шығып, келген қонақтарға ән айтып, өлең оқиды.