Танымал туынды кейіпкері Астанаға келді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеңестік журналдар мен мектеп оқулықтарына көптеп басылған,  суретші Татьяна Яблонскаяның «Таңертең» туындысының кейіпкері Елена Бейсембинова Астанаға келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Картинаның Қазақстанмен байланысты өзіндік тарихы бар. 13 жастағы Ленаның бейнесіне ғашық болған алматылық қазақ Арсен Бейсембинов туындыны өз бөлмесіне іліп қойған.  Арсен ер жетіп, Мәскеудегі Строганов училищесіне түскен және сол училищеде Еленамен танысқан. Осылайша, Арсен Бейсембинов бала кезден ғашық болған Ленаға үйленген.

«Мұнда менің бөлмем, менің төсегім бейнеленген. Ондағы көтеріңкі көңіл-күйді анам жеткізе алды деп ойлаймын. Балконда өзім өсірген өсімдіктер тұр. Биолог болуды армандаған едім, анамның жолын қуып, бейнелеу өнерін таңдадым. Әйтсе де, табиғат тақырыбына адал болып қалдым. Пейзаж, гүлдер, көбелектерді көп саламын. Біздің пәтер Киевтің орталығында 7-қабатта орналасқан. Кең көшелер, жүргіншілердің, көліктің шуы - бәрі-бәрі есімде. Қазір онда өзге қожайындар тұрып жатыр, соңғы рет 2003 жылы бардым», - деп еске алды Елена Бейсембинова ҚР Ұлттық музейінде журналистерге берген сұхбатында.

null 

Елена мектепті аяқтаған соң, Мәскеуге Строганов училищесіне оқуға түскен және курстасымен Алматыға қыдырып барған.

«Арсенмен таныстығыма 1 жыл болғанда, Алматыға қонаққа келдім. Қарасаң көз тоймайтын әсем Алматы бірден баурап алды. Арсеннің бөлмесіне кіргенімде өз бейнемді көрдім. Арсен де өзі ғашық болған қызбен бірге оқығанын білмеген екен. Қатты таңғалды. Арсенмен шаңырақ көтеріп, Алматыда тұрдық. Өз мамандығымызбен жұмыс істедік», - деді Елена Бейсембинова.

null 

Қазір Елена Алматы қаласында тұрады. Арсен 2000 жылы дүниеден озған.  Олардың Заңғар есімді ұлы бар.

Айта кетейік, Астананың 20 жылдық мерейтойы аясында ҚР Ұлттық музейінде «Третьяков галереясы топтамасынан ХХ ғасырдың 50 жауһары» атты көрме ашылды. Мәскеуден жеткізілген 50 көркем сурет туындының алды 1900 жылдары, соңғылары - 1980 жылдары салынған. Экспозицияға Абрам Архиповтың «Шаруа әйел», Константин Коровиннің «Бауда. Гурзуф», Аркадий Рыловтың «Жасыл шу», Илья Машковтың «Мәскеу азық-түлігі: нан», Федор Решетниковтың «Тағы да екілік», Татьяна Яблонскаяның «Таңертең», Юрий Пименовтың «Болашақ көшедегі той» сынды әйгілі еңбектері кірген.

«Астанаға не апарамыз дегенде, ортақ заманды еске түсіретін орыс көркемөнер мектебінің жетістіктерін көрсететін туындыларды таңдауды ұйғардық. Келушілерге жарқын әрі көңілді әсер сыйлайтын көрмені қоюға тырыстық», - деді РФ Мемлекеттік Третьяков галереясының Бас директоры Зельфира Трегулова көрменің ашылу салтанатында.

Көрме 2018 жылдың 10 қыркүйегіне дейін жалғасады.

null null null null null null null null null null null null null 

Соңғы жаңалықтар