Танысына 2 млн теңге несие алдыртып, төлемей қойған ақмолалық істі болды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмолалық танысына 2 миллион теңге несие алдыртып, артынша төлемей кеткен. Осыған байланысты күдіктінің үстінен сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Танысына 2 млн теңге несие алдыртып, төлемей қойған ақмолалық істі болды

Ведомствоның мәліметінше, биылғы жылғы 24 тамызда Целиноград аудандық полиция бөліміне алаяқтықтың құрбаны болған Нұр-Сұлтан қаласының 49 жастағы тұрғынынан арыз түскен.

«Ер адам ағымдағы жылғы 16 наурызда танысының сеніміне кіріп, банктен оның атына 2 миллион 565 мың теңге сомасында несие ресімдеген. Кейін ақша қолға тиген соң оны төлемеген», - деді ведомстводан.

Бұл іс Қылмыстық кодекстің 190 бабының 1-ші бөлігі «алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Қазіргі уақытта тергеу барысында істің мән-жайы анықталып жатыр.