Тараз бен Әзербайжанның Қазақ қалалары арасында туыстық қарым-қатынас орнайды
АСТАНА.KAZINFORM - Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында Тараз бен Қазақ қалалары арасында туысқандық қатынас орнату туралы хаттамаға қол қойылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел, атауы қазақтарға жылы естілетін Әзербайжан қаласының тарихы туралы айтып берді.
-Қазақ - Грузия мен Армения шекарасына жақын орналасқан Әзербайжанның көркем қалаларының бірі. Біз оның атауының этимологиясына шағын зерттеу жүргізіп, қызықты мәліметтер таптық.
16 ғасырдың басында әзербайжан-парсы билеушісі Шах Исмаил хан Мұхаммед Шайбанимен жауласып тұрды. Мұхаммед Шайбани қазақ ханы Қасымның немере ағасы болғандықтан, Қасым оған көмекке әскер жібереді. Шах Исмаил шайқастарда тұтқынға түскен қазақ жауынгерлерін Кавказға жіберді. Содан бері қазақ батырлары тұрған аймақ осы атаумен белгілі, - деді Елші.
Дипломаттың айтуынша, бүгінде Әзербайжанның солтүстік-батысында Қазақ ауданы мен Қазақ қаласы бар, онда қазақтарға антропологиялық жағынан өте ұқсас адамдарды әлі де кездестіруге болады.
-Тұңғыш әзербайжандық әскери ұшқыш Фаррух Аға Гаибовтың түріне қарасаңыз, жеткілікті. Қазақ - Әзербайжанның құрт жасайтын жалғыз аймағы. Оның тұрғындары жауынгерлігімен танымал. Олар жылқыны жақсы көреді және ақындарын құрметтейді. Сондықтан Қазақ пен көне Тараз арасында бауырлас қала байланысын орнату дұрыс деп шештік. Өйткені, Тараз 15 ғасырда Қазақ хандығы құрылған жерде орналасқан. Бұл жоғары символдық қадам бауырлас халықтарымыз арасындағы байланысты одан әрі нығайта түседі, – деді Әлім Байел.
Елші Әзербайжанда екі ел тарихындағы ортақ тұстарды көрсететін көптеген жер-су атаулары бар екенін атап өтті.
-Мәселен, Қыпшақ пен Жалайыр деген елді мекендер, сақтармен байланысты атаулар бар. Демек, біздің қазіргі стратегиялық әріптестігіміз бен бауырластық қарым-қатынасымыз өте берік тарихи негізге негізделген, - деп түйіндеді дипломат.
Әлім Байел түркі елдерінің тарихшылары осынау қызықты тарих беттерін зерттеуге кәсіби ден қоюы керектігін атап өтті.
Осыған дейін былтыр Әзербайжан арқылы қазақстандық мұнайды тасымалдау 1,5 млн тоннаға жуықтағаны туралы жаздық.