«Тараз» ФК мүмкіндігі шектеулі балаларға сыйлықтар табыстады

Кездесу барысында тараздық интернаттың балалары дайындаған концерт, сондай-ақ футболдан жарыс өтті, онда интернаттағы футболға құмар жас балалар мен «Тараздың» ойыншылары: Александр Кучма, Берік Айтбаев, Обиора Одита, Мирослав Лечич және Артем Кирбятьев жақсы ойын өрнегін көрсетті.
Команданың капитаны Александр Кучма мектептің барлық балаларын тараздық командаға алдағы жарыстарда жанкүйер болуға шақырды. «Сіздердің қолдауларыңыз бізге әрқашан қажет. Біз де өз тарапымыздан сіздер сұрағанда көмек көрсетіп отыратын боламыз», - деді ол.
Балаларға доптар, футбол формалары мен басқа да бағалы сыйлықтар табысталды. Бұдан басқа, «Мейірім» жасөспірімдер командасына жақында өтетін жарысқа дайындалу үшін «Тараз» ФК-ның алаңы ұсынылады.
Бұған дейін жамбылдық «Тараз» клубының футболшылары Сарымолдаев атындағы балалар үйінің және Тілендиев атындағы интернаттың тәрбиеленушілерімен кездескен болатын, деп хабарлайды «Тараз» ФК-ның баспасөз қызметінен.