Тараз қаласының тұрғыны жалған құжатпен мемлекеттен заңсыз пәтер алған

ТАРАЗ. KAZINFORM — Жалған құжат рәсімдеу арқылы өзін мемлекеттік қызметші ретінде ұсынған Тараз қаласының тұрғыны мемлекеттен заңсыз баспана алғаны анықталды. Бұл туралы Жамбыл  облысының прокуратурасы мәлім етті. 

Тараз қаласының тұрғыны жалған құжатпен мемлекеттен заңсыз пәтер алған
Фото: gov.kz

— Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінде тұрғын үй заңнамасының сақталуына жүргізілген тексеру нәтижесінде азаматша «С» жалған анықтама ұсынып, өзін мемлекеттік қызметші ретінде көрсетіп, Тараз қаласындағы «Ұлы Дала» шағын ауданынан мемлекеттік тұрғын үй қорынан заңсыз екі бөлмелі пәтер алғаны анықталды, — делінген хабарламада. 

Сот-сараптамалық зерттеуінің қорытындысына сәйкес ұсынылған анықтаманың жалған екені белгілі болды.

— Прокуратураның нұсқауымен, 22.07.2025 жылы аталған алаяқтық фактісі бойынша Тараз қаласы ПБ-мен ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, — деп хабарлады облыстық прокуратурадан.

Қазіргі уақытта аталған жылжымайтын мүлікті мемлекеттік қорына қайтару жұмыстары жүргізілуде, ол кейіннен тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға беріледі.

ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Бұған дейін хабарланғандай, Жамбыл облысында мемлекеттен заңсыз 321 млн теңге субсидия алған басшылар сотталды.

Соңғы жаңалықтар