Тараз маңындағы әскери қоймадағы жарылыстар бойынша сот үкімі шықты

Байзақтағы жарылыс
Фото: Ирина Галушко/Kazinform

Шымкент гарнизонының әскери сотында Жамбыл облысындағы оқ-дәрі қоймасында болған жарылысқа қатысты атышулы іс бойынша сот отырысы аяқталды, деп хабарлайды Каzinform тілшісі.

Айта кетейік, аталмыш жарылыс барысында 18 құтқарушы мен әскери қызметкер қаза тапқан болатын. Төрт офицер және бұрынғы жедел қызметтің екі сарбазы сотталды.

Жарылыстарға қатысты екі қылмыстық іс қозғалып, кейін бір өндіріске біріктірілді. 800 томнан тұратын іс ақпан айында Шымкент гарнизоны әскери сотына жіберілген. Сот барысында 300-ге жуық куәгер мен жәбірленушіден жауап алынды.

Тергеу қорытындысы бойынша, өртке және одан кейінгі жарылыстарға бұрынғы жедел қызмет сарбаздары Ерболат Тұранов пен Әсет Әшірбай кінәлі. Оларға 459-баптың 2-бөлігі «Әскери мүлікті қасақана жою және бүлдіру» және 202-баптың 3-бөлігі «Бөтеннің мүлкін қасақана жою және бүлдіру» бойынша айып тағылды. Сонымен қатар, немқұрайлылық танытып, қарумен жұмыс істеу ережесін бұзды деген айып тағылған төрт офицерге қатысты тергеу жүргізілді.

Тараздағы жарылыс
Фото: Ирина Галушко/Kazinform

Іс Ерболат Тұранов пен Әсет Әшірбайдың мүддесін қорғайтын адвокат Сағадат Әміренің өтініші бойынша біріктірілді.

Қорғаушының айтуынша, тергеу енді ғана басталғанда, жарылыс болмай тұрып қоймада бірге жұмыс істеген оның қорғалушылары мен әріптестері бұл іске куә ретінде тартылған. Әріптестерінің бірі айыпталушыларға қарсы куәлік бергеннен кейін жағдай өзгерген.

- Олардан бірнеше рет жауап алынды, бірақ менің қорғалушыларым ештеңе білмейтінін және жарылыстың қалай болғанын көрмегенін айтты. Жарылыс алдында олар өздеріне бекітілген аумақтағы жұмысын аяқтап, қойма аймағынан шығып, асхананың жанында командирді күтіп тұрған. Сотта біз олардың кінәсіздігін дәлелдедік. Ең бастысы, олар бір айдан кейін әскер қатарынан шығатынын білді, теріс пиғылдары болмаған. Олар кейінірек сонда қайтадан қызметке кірді. Егер олар айып тағылған істі жасаған болса, қайта келе ме? Олар керісінше қашып кетер еді», - дейді Сағадат Әміре.

Байзақтағы жарылыс
Фото: Ирина Галушко/Kazinform

Бүгін Шымкент гарнизоны әскери сотының судьясы Бөрлібай Қайыпов сотталушыларға қатысты үкімді жариялады. Сотта алты әскери қызметшінің ешқайсысы кінәсін мойындамады және соттан оларды ақтауды сұрады.

Сот барлық ауырлататын және жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, тағылған айыптар жиынтығы бойынша Ерболат Тұранов пен Әсет Әшірбайды жарылыстарға кінәлі деп танып, әрқайсысын 9 жылға бас бостандығынан айырды.

Төрт офицердің екеуі ақталды. Тағы екеуі кінәлі деп танылды, бірақ ескіру мерзімінің өтуіне байланысты олар қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Олар әскери бөлім басшысының міндетін атқарушы Аслан Бақытжанов пен оның орынбасары Руслан Несіпқалиев. 

Байзақтағы жарылыс
Фото: Ирина Галушко/Kazinform

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 26 тамызында Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан 28349 әскери бөлімінің оқ-дәрі қоймасынан өрт шықты. Алапат өрт пен одан кейінгі жарылыстар нәтижесінде 18 адам қаза тауып, 98 адам жарақат алды. Бірнеше аудан мен әскери бөлім 25 миллиард теңге көлемінде шығынға ұшырады.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram