11:10, 25 Қаңтар 2013 | GMT +5
Тараз полициясы түнде «Gross» супермаркетін «миналаған» әзілкешті іздестіруде
ТАРАЗ. 25 қаңтар. ҚазАқпарат - Тараз полициясы түнде «Gross» супермаркетін «миналаған» әзілқойды іздестіруде, деп хабарлады Жамбыл облыстық прокуратурасынан.

Облыстық прокуратура басқармасының прокуроры Әділ Бәйменовтің ақпаратынша, 25 қаңтар күні түнгі сағат бірде ұялы телефоннан белгісіз ер адам хабарласып, полиция қызметкерлері Тараз орталығында орналасқан «Gross» супермаркетіне келуі тиіс, онда бомба салынған деп мәлімдеді.
Оқиға орнына прокуратура, облыстық ТЖД бөлімшелерінің, облыстық ІІД-нің, саперлік топ, облыс бойынша ҰҚКД, жедел жәрдем қызметкерлері шықты.
«Gross» супермаркетіне жақын орналасқан аумақты тексеру кезінде жарылғыш зат табылмады.
«Қазіргі уақытта жарылыс қаупі туралы хабарлаған тұлғаны анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру шаралары өткізілуде. Аталған факт облыс прокуратурасының бақылауында», - деді А.Бәйменов.