Тараз тұрғындары жаңа көпір үшін үйлері мен кәсіпорындарын бұзуға рұқсат бермей отыр
ТАРАЗ. KAZINFORM — Тараз қаласының Абай даңғылы бойындағы жол өткелінің құрылысына қатысты дау бітер емес.
Тұрғын үй және кәсіпкерлік нысан иелерінің біразы жерді қала әкімдігіне сатудан бас тартып отыр. Сондықтан жоба бойынша әлі күнге жұмыс басталмады. Жалпы жобаны әзірлеу бірнеше жыл бұрын басталған.
Әкімдіктің мәліметінше, көпір жолдағы кептелісті азайтып, көлік қозғалысының тиімділігін арттырады. Барлығы 60 нысан — 43 жеке тұрғын үй және 17 коммерциялық нысан — мемлекет мұқтажы үшін экспроприациялауға жатады.
Бұл қажеттілікке бөлінген сома соңғы бір жылда 400 миллион теңгеге өзгерді. Қазіргі уақытта әкімдік ғимараттарды сатып алуға және бұзуға бюджеттен 1,8 миллиард теңге бөлінгенін хабарлады. Дегенмен наурыздағы уақыт капсуласын салу рәсімі кезінде әкім 2,2 миллиард теңге жариялаған болатын. Кейбір жылжымайтын мүлікті сатып алу және бөлшектеу маусым айында басталды, бірақ барлық меншік иелері келісімін бермеді.
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, қазіргі таңда 58 нысан бойынша мемлекеттік меншік құқығын қайтару рәсімдері жүріп жатыр. Мұрагерлік құқықтардың ресімделуіне байланысты екі учаскедегі жұмыс уақытша кейінге шегерілді.
Барлық иелер сатып алу туралы ресми ұсыныстарды алды. Қазір 41 қожайын келісті. Бүгінде 40 меншік иесіне өтемақы төленді, тағы бір мүліктің құжаты рәсімделіп жатыр.
Сонымен қатар 17 меншік иесімен келісімге келу қиынға соғып отыр. Аталған жобалар бойынша материалдар сотқа жолданды. Алты жобада тараптар келісімге келіп, соттар өтемақы өндіру туралы ұйғарым шығарды. Тоғыз жоба бойынша сот процесі жалғасып келеді.
Ал «Лейла» мейрамханасы мен дүкеніне қатысты бөлек жағдай туындады. Бұл нысандар бойынша әлі шешім шығарылған жоқ, материалдар соттан қайтарылды. Әкімдік мұның себебін нақтыламады. Іс қайта қарауға жіберіле ме, әлде сатып алу мәселесі бітімгершілікпен шешіле ме, ол жағы білгісіз.
Бұған дейін мердігерлер Балуан Шолақ көшесінен Олег Кошевой көшесіне дейінгі жол өтпесі учаскесінде құрылыс жұмыстарын қазан айында бастау жоспарланғанын хабарлаған болатын. Көпірдің бұл бөлігінің құрылысының осы уақытқа дейін созылуына жалғасып жатқан сот процестері себеп болса керек.
Айта кетейік, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев облыс орталығы Тараз қаласы қалай түрленетінін айтты.