Тараз тұрғындарына қорқор шеккені үшін айыппұл салынуда
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Қарасора-2023» және «Дәрмек» жедел алдын алу іс-шарасы аясында кафеде қорқор шеккені үшін 38 тұрғынға айыппұл салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс орталығында Тараз қаласының полиция басқармасы, 1, 2 - полиция бөлімдері, прокуратура және Тараз қаласы әкімдігінің қызметкерлері, сондай-ақ еріктілер бірлесіп, ойын-сауық орындарында рейдтік тексеру шараларын жүргізген болатын. Нәтижесінде 43 ойын-сауық мекемесінде ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабы, яғни, қоғамдық орындарда темекі өнімдерін (кальян) тұтынуға тыйым салуды бұзу бойынша 38 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталды. Бұл баптың санкциясы 15 айлық есептік көрсеткішті, яғни, 51750 теңге мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жазаны көздейді.
Рейд барысында Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салу туралы ақпараты бар парақшалар таратылды.«Тараз қаласындағы кафе-барлардың әкімшілеріне ҚР ӘҚБтК-нің 422-бабы, есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды өткізу және (немесе) медициналық емес тұтынудың жолын кесу шараларын қолданбау бойынша әкімшілік жауапкершілік туралы ескертілді. Осы бап талаптарын бұзған шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 150 мың теңге, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 300 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынады. ҚР ҚК 299-1 бабы, есірткі құралдарын насихаттау және заңсыз жарнамалау бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген, яғни үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады», – деп хабарлады облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция подполковнигі Әлім Бажықбаев.
Бұған дейін Тараз тұрғынынан 2 центнерге жуық каннабис тәркіленгенін жазған болатынбыз.