Тараз тұрғыны шығынсыз жылытатын қазандық ойлап тапты
Оның ерекшелігі - қоршаған ортаны ластамайды. Пешке отынның екі түрі - газ бен көмір пайдаланылады. Қазір өнертапқыштың бұл құрылғысын кейбір аудандар мен ауыл мектептері пайдалануда.
Т. Қыпшақбаев аталмыш қазандықты осыдан 17 жыл бұрын жасаған. Кейін пешті ойлап табушы ретінде заңды түрде құжат жасатып алған. Кәдімгі қазандықтардан өзгешелігі - электр энергиясын тұтынбайды. Автордың айтуынша, оның туындысын бұл күнде Сарысу, Талас ауданы мен Қаратау қаласының түрлі мәдени ошақтары орнатып алған. Сонымен қатар Бесағаш ауылының 50-ге жуық тұрғыны пайдаланып отыр. Ал аймақтық Кәсіпкерлер палатасындағылар бұл бастамаға бір жыл бұрын ғана мән беріпті. Алдағы уақытта халық тегіс тұтыну үшін жобаны әлі де жетілдіру керек екен. Қазір өнертапқыш осы бағытта еңбектеніп жатыр, деп хабарлайды 24.kz.