Таразда 130 гектардан астам жер заңсыз суарылғаны анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Облыста диқандардың егіс алаңын кемітіп көрсетудің екі фактісі және су жеткізушінің келісімінсіз өсірілетін дақылды басқа түрге ауыстырудың бір фактісі әшкере болды.

Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлім етті. Оның сөзінше, Тараз қаласында өңірдегі суару кезеңінің өтуі мәселелері бойынша кеңес өткен. Онда заңсыз су пайдаланумен күреске ерекше назар аударылды.
— Министрліктің жұмыс тобы облыста «Қазсушар» РМК-мен су беру бойынша келісімшарттар жасаспай 131 гектар жерді суарған фактілерді анықтады. Сондай-ақ диқандардың егіс алаңын кемітіп көрсетудің екі фактісі және су жеткізушінің келісімінсіз өсірілетін дақылды басқа түрге ауыстырудың бір фактісі анықталды. Шу-Талас бассейндік инспекциясы өңірде заңсыз су пайдалануды тексеру мақсатында 22 тексеру жүргізді. Нәтижесінде 10 әкімшілік іс қозғалып, айыппұлдар салынды және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілді, — деді ол.

Министр атап өткендей, Түркістан облысының Созақ ауданында Жоғары аудиторлық палата материалы бойынша төрт адамға қатысты әкімшілік іс қозғалды.
— Сонымен қатар мемлекеттік инспекторлардың қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіру фактісі бойынша екі әкімшілік іс сотқа жіберілді. Сондай-ақ бассейндік инспекция 260 адам арасында су заңнамасын сақтауға және арнайы су пайдалануға рұқсат рәсімдеуге қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде биыл 70 су пайдаланушы су пайдалануға рұқсат алған, олардың 39-ы алғаш рет келісімшарт жасаған, — деді Нұржігітов.
Кеңес қорытындысы бойынша министрлік пен Жамбыл облысының әкімдігі судың «көлеңкелі нарығына» қарсы күрес жөнінде бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеуге келісті. Мемлекет басшысы судың «көлеңкелі нарығын» жоюды тапсырды. Ол үшін бассейндік инспекцияларға қадағалау функциялары берілді, соған сәйкес жедел ден қою шаралары қабылданады. Сондай-ақ Әкімшілік кодекске су саласындағы бұзушылықтар үшін жауапкершілікті қатаңдатуды көздейтін өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар келісімшартсыз суды тұтынғаны үшін және су жеткізушінің келісімінсіз өсірілетін дақылдардың түрін өзгерткені үшін айыппұл санкцияларын қарастыратын ережелер қабылданды.
— Жамбыл облысының әкімдігімен бірлескен жұмыс біз қабылдаған шаралардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Осы суару кезеңінде «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы диқандармен су беру бойынша 3 858 келісім жасасты. Бүгінгі таңда 61 мың гектар егіс алқабы суарылады. 512 млн текше метр су алынды. Вегетациялық кезеңге дайындық барысында филиал Қордай, Талас, Байзақ және Жамбыл аудандарында 28,8 км каналды механикалық жолмен тазартты. Сондай-ақ филиал қызметкерлері 123,2 км каналдарда қоқыс пен өсімдіктерді қолмен тазарту жұмыстарын жүргізді, — деп түйіндеді ведомство басшысы.
Осыған дейін Олжас Бектенов вегетациялық кезеңнің өтуі бойынша жиын өткізгенін жазған едік.