Таразда 14 жастағы мектеп оқушысы өзіне қол жұмсады

ТАРАЗ. KAZINFORM — Қызды үйінен анасы тауып алған. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем көмек көрсете алмады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі. 

суицид
Фото: Pexels

Қайғылы жағдай 23 қыркүйек күні күндіз Таразда болған. Анасы біраз уақытқа үйден шығып кеткенде, қызы қорада асулы күйде табылған. Оқиға орнына келген дәрігерлер оның көз жұмғанын растады.

№26 орта мектептің 9-сынып оқушысы неге мұндай қадамға барғаны әзірге белгісіз.

Қазір оқиғаның себептері анықталып жатыр, полиция тиісті тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабы 3-бөлігі («Өзін-өзі өлтіруге жеткізу») бойынша іс қозғалды.

Қаза болған қыз соңғы екі айда өңірде өмірімен қош айтысқан жетінші бала.

– Бұл жағдайға байланысты облыстық психологиялық қолдау орталығының жұмыс тобы құрылып, отбасыға қажетті психологиялық көмек көрсетілді. Айта кету керек, марқұм ешқандай есепте тұрмаған, үлгерімі жақсы болған, сабырлы, айналасындағылармен жақсы қарым-қатынаста болған. Тәртіп бұзу фактілері тіркелмеген, – делінген облыстық білім басқармасының хабарламасында.

Еске салсақ, жазда Жамбыл облысында бірнеше күн айырмашылықпен Түймекент пен Дихан ауылдарының жасөспірімдері, сондай-ақ Тараз қаласының бір баласы өз-өзіне қол жұмсаған еді

Айта кетелік Биыл Жамбыл облысында балалар арасында суицид жиілеп тұрғаны жайында жазған едік.

Соңғы жаңалықтар