Таразда 15 жастағы жасөспірім суицид жасады
ТАРАЗ. KAZINFORM – Өз-өзіне қол жұмсау себебін полиция қызметкерлері анықтап жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Куәгерлердің айтуынша, жасөспірімнің денесін оның кенже қарындасы тауып алған. Жедел жәрдем бірден шақырылғанымен, мектеп оқушысын құтқару мүмкін болмады.
Қазіргі таңда бірнеше нұсқа қарастырылып жатыр, соның ішінде отбасылық жанжал да бар. Сондай-ақ жасөспірім өмірімен қош айтыспақ болмаған, тек туыстарын қорқытпақ болған деген нұсқа да айтылуда.
— Тараз қаласында кәмелетке толмаған баланың мәйіті табылған факті бойынша Қылмыстық кодексінің «Өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін полиция қызметкерлері қажетті тергеу шараларын жүргізіп жатыр, — деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды, туыстары мен көршілері сұралуда.
Бұған дейін Атырау облысында екі жасөспірімнің суицид жасағаны хабарланған болатын.