Таразда 17 млн теңгенің алтын бұйымын ұрлаған екі адам ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM — Таразда пәтерге заңсыз кіріп, 17 миллион теңгеден астам ақша мен бағалы бұйымдарды ұрлаған екі күдікті ұсталды.
Полицияның «102» нөміріне Тараз тұрғыны хабарласып, пәтерінен 30-дан астам алтын бұйым, гауһар тастар және 830 мың теңге қолды болғанын айтқан.
Күдіктілер үйде ешкім жоқ кезде есік құлпын бұзып, пәтерге кірген. Ұрланған ақшаның арасында қырғыз сомы, еуро және қытай юані болған.
Жалпы шығын көлемі 17 миллион теңгеден асқан.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция екі ер адамды анықтап, ұстады. Олардың бірі Түркістан облысының тұрғыны болып шықты. Тінту кезінде екеуінен де қылмысқа қатысы бар заттай дәлелдер табылған. Күдіктілер ұрланған бұйымдардың бір бөлігін сатып үлгерген.
Қазір аса ірі мөлшерде ұрлық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында үш ер адам 11,5 млн теңгенің малын ұрлағанын хабарлаған едік.