Таразда 25 күн ішінде мас күйде көлік жүргізген 37 жүргізуші анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Құқық бұзушыларға әкімшілік қамаққа алу, айыппұл салу және жеті жылға дейін көлік басқару құқығынан айыру жазасы қолданылды.
Қала полициясының мәліметінше, 25 күн ішінде тәртіп сақшылары көлік құралын мас күйде басқарған 37 адамды анықтаған. Демек, орта есеппен күніне кемі бір адам назарға іліккен.
Құқық бұзушылар заң аясында жауапкершілікке тартылды. Полиция мәліметінше, оларға әкімшілік қамаққа алу, айыппұл салу және көлік басқару құқығынан айыру жазасы қолданылған. Қала жолдарындағы тексеру жұмыстары жалғасады.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте қауіпті дрифт жасаған жүргізуші қамауға алынғанын жазғанбыз. Mercedes-Benz жүргізушісі көлігін әдейі тайғанатып, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндірген. Оған қатысты ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік материалдар жинақталып, сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.
Ал Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданында полицияның тоқтау туралы талабына бағынбаған 21 жастағы жүргізушінің мас күйде болғаны анықталды. Сот шешімімен ол 30 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.