Таразда 460 пәтерлі 6 тұрғын үй пайдалануға берілді

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараз қаласындағы «Ұлы дала» шағын ауданында 460 пәтерлі 6 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Таразда 460 пәтерлі 6 тұрғын үй пайдалануға берілді
Фото: Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Салтанатты шараға облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, ардагерлер кеңесінің мүшелері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Бақытжан Орынбеков ізгі лебізін жеткізіп, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті.

«Соңғы он жылда Тараз қаласында жаңа ықшам аудандар бой көтеріп, тұрғын үй саны арта түсті. Жалпы, соңғы 4 жыл көлемінде Тараз қаласы бойынша 5 800 пәтер берілсе, мемлекеттік бағдарламалар арқылы 3 844 азамат баспаналы болды. Ал пәтер кезегінде тұрған 1 956 азамат баспанаға қол жеткізді. Сондай-ақ, биыл қала аумағында 42 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Жыл қорытындысымен 2 820 пәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады», – деген қала әкімі «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы баспанаға алған бірқатар қоныс той иелеріне пәтер кілттерін табыстады.

Жалпы 2019-2022 жылдар аралығында облыста «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 1 154 отбасы жаңа баспанаға ие болған. Сонымен қатар, биыл жыл соңына дейін жаңа тұжырымдама бойынша 1 040 пәтерге 16 нысанды іске асыру жоспарлануда.
Бұған дейін «Қазақстан барысы» Ғалымжан Қырықбайға Тараздан 2 бөлмелі пәтер берілгенін жазған болатынбыз.