08:32, 20 Сәуір 2021 | GMT +6
Таразда алаяқ 250 мың теңгеге жүргізуші куәлігін алуға көмектеспек болған
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тәртіп сақшылары бірқатар алаяқтық оқиғасын жасағаны үшін Тараз қаласының тұрғынын ұстады, -деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Полицияға белгісіз ер адамның «жүргізуші куәлігін жедел алып беремін» деген сылтаумен олардың 250 мың теңгесін иемденіп кеткені туралы 3 шағым түскен.
«Аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері облыс орталығының 37 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады», - делінген облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Қазіргі таңда күдікті кінәсін мойындады, алаяқтан зардап шеккен өзге де тұлғаларды анықтау бойынша тергеу амалы жүргізіліп жатыр.