Таразда аптап ыстықта басынан күн өткендер дәрігерге шағымданды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Соңғы аптада күннің қатты ысуына байланысты Таразда жедел жәрдем қызметін шақыру жағдайлары жиілеп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Жамбыл облыстық жедел медициналық жәрдем стансасының мәліметінше, 24-30 мамыр аралығында стансаға түскен қоңырау саны – 9995, оның ішінде басынан күн өту бойынша 2 жағдай тіркелген.

Ал, 30 мамырдан 6 маусымға дейін 10 235 қоңырау тіркелсе, оның ішінде екеуі аптап ыстықтан ауырып жедел жәрдем шақырған.

Дәрігерлер ыстық ауа райында сағат 11.00-ден 16.00-ге дейін тікелей күн сәулесінің астында жүрмеуге кеңес береді.

Ашық түсті табиғи матадан жасалған жеңіл киім киіп, бас киімді ұмытпау керек.

Сусыздандыруға тез әкелетін қантты газдалған сусындардан, алкогольден және кофеиннен аулақ болу үшін көбірек су ішу керек.

Мамандар, әсіресе, созылмалы ауруы бар адамдарды, балаларды, жүкті және қарт адамдарды барынша абай болуға шақырады.

Егер дене температурасы мен қан қысымының жоғарылауы, бас ауруы, әлсіздік және жүрек айнуы секілді күн соққысының белгілері болса, науқасты дереу салқын бөлмеге апару керек.

Мойын, қолтық, алақан және шап аймағында температураны төмендету үшін дымқыл, салқын майлықтарды қолданған жөн.

Сондай-ақ, науқасқа су балансын қалпына келтіру үшін әр 2-3 сағат сайын салқын су беру керек.

Есін жоғалту және бас айналу жағдайында жедел жәрдем шақыру қажет.

Бұған дейін Жамбыл ауруханаларына 20 реанимобиль мен 20 санитарлық автокөлік алынатынын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар