Таразда автобус жүргізушісінің арақ ішкен-ішпегенін қалай анықтайды
ТАРАЗ. KAZINFORM – Тараз қаласындағы жолаушыларға 9 автопарк қызмет көрсетеді. Жыл басынан бері Тараз қаласына 117 автобус жеткізілсе, жыл соңына дейін тағы 40 жаңа қоғамдық көлікті әкелу көзделуде.

Сондай-ақ, 3 жаңа бағыт іске қосылған. Биыл әлеуметтік маңызы бар қалалық және қала маңындағы жолаушылар қатынастары тізбесіне енгізілген автобус бағыттарының шығындарын өтеуге 4,8 млрд. теңге субсидия қаралған. Одан бөлек биыл облыс орталығында 75 аялдаманы орнату жұмыстары жүргізілуде.
Алайда жақында Жамбыл облысы мәслихатының депутаттары зерделеу жұмысы кезінде жолаушылар тасымалына қатысты бірқатар кемшіліктердің бар екенін анықтады.
Ең алдымен жолаушылардың тағдырына жауапты жүргізушілердің барлығы бірдей тәжірибелі мамандар емес. Автопарк иелері жас жүргізушілерді жұмысқа аларда олардың тәжірибесіне мән беріп жатпайды. Осының нәтижесінде жол үстінде рульде келе жатып, артындағы жолаушыларға бұрылып, есеп айырысып немесе бір қолына ұялы телефонды алып емін-еркін сөйлесіп көлік жүргізіп бара жатқан жас жүргізушілерге тұрғындар жиі шағымданады.
Сондай-ақ, кейбір автопарктер жүргізушілердің киім киісіне мүлдем мән бермейді. Тәртіп бойынша автобус жүргізушілерінің арнайы тігілген бірыңғай киімдері болуы тиіс.
«Зерделеу жұмыстары барысында аяқта тәпішке, бұтта шорты киген жүргізушілердің автобус жүргізіп бара жатқан жерінен тоқтатуға мәжбүр болдық. Ал енді алкотестерлері 3 күн бұрын бұзылды деп уәж айтқан автопарк медбикесіне не айтуға болады? Яғни, таңертең көлік жүргізушілері жұмысқа шығар кезде спирттік ішімдік ішті ме, жоқ па, соны анықтайтын алкотест құралының тексеруінен өтуі керек. Бір автопаркке барсақ, алкотест құралының бұзылып қалғанына үш күн болыпты. Медбике жүргізушіден «Кеше арақ іштіңіз бе?» деп сұрайды, анау «Жоқ, ішкен жоқпын» деп жауап береді. Сонымен оған автобус жүргізуге рұқсат беріп жатыр. Ал, ол жүргізуші шынын айтып тұр ма, жоқ па, оны кім біледі... Бір күн бұрын арақ ішсе де «іштім» деп мойындайтынына күмәнім бар. Қысқасы, қоғамдық көлікке қатысты тізбектей берсек, айтуға тиіс кемшіліктер жеткілікті. Автобус парктеріне бюджеттен миллиардтап субсидия беріліп жатыр, соған сай жүргізушілердің киім үлгісі мен медициналық құралдарын жаңартып қойса болады ғой» дейді бұл жөнінде Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Бақытжан Қалымбетов.
Мәслихат депутаттары бұл мәселені арнайы жиында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековке айтып, шаһар басшысы кемшіліктерді анықтап, қалпына келтіріп, кінәлілерді жазаға тартатынын жеткізді.
Айта кетейік, біз бұған дейін Қазақстан қалаларындағы автобус жолақысы туралы жазған болатынбыз.