Таразда Бауыржан оқулары басталды

Бауыржан оқуларын өткізуде ҚР Білім және ғылым министрлігі қолдау көрсетті.
«Іс-шараның мақсаты - әскери қолбасшы, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығын жан-жақты зерттеу, зерделеу, оның әскери ғылымды дамытудағы және тәуелсіз Қазақстан тарихындағы рөлін насихаттау, халық қаһарманы үлгісі арқылы жастарға патриоттық тәрбие беру», - деп хабарлады білім беру мекемесінің баспасөз қызметінен.
Оқуларға қатысушылар Б. Момышұлының туған ауылына барып, мемориалдық ескерткішке гүл шоғын қойып, мұражайына барады және «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының ұжымымен кездеседі.
Байқау үш аталым бойынша өтеді: үздік публицистикалық шығармаларды іріктеу, автор шығармаларын мәнерлеп оқу бойынша байқау, Б.Момышұлының өмірі мен шығармашылығын білу бойынша зияткерлік байқау.
Әдеби-патриоттық байқауға, сонымен қатар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Б.Момышұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеушілер, көрнекті қоғам және ғылым қайраткерлері, жазушылар жиналды.