Таразда бір топ пәтер ұрылары ұсталды
деп хабарлайды ІІД баспасөз қызметінен Роза Қалдыбекова.
Ұрлықтар шағын аудандарда, қала орталығында, «Телеорталық», «Төңкеріс» аудандарында тіркеліп отырған. Жамбыл облысы ІІД Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Әбдіқадір Назаровтың айтуынша, қаскүнемдер көздеген үйге кірместен бұрын, қылмысқа алдын ала дайындалып, пәтерде ешкімнің жоқтығына көз жеткізген соң кіріп, тек қана ақша және әшекей бұйымдарын ғана алған.
- Олар көбінесе бірнеше мәрте ұрлығы үшін сотты болған қылмыстың ұйымдастырушысы - Павел Ильченконың өзі арнайы металдан жасаған құлып ашқышымен жұмыс істеген. 25 жасар «он саусағынан өнер тамған» ол кез-келген есікті қиналмай ашып, кез-келген мекемеге оңай кіре алатын. Олардың соңғы қылмыстары сәтсіз аяқталды, себебі үйде пәтер қожайынының баласы болды. Есіктегі сыбдырды естіп, аңғарған жеткіншек дереу әкесіне қоңырау шалып, дыбыс шығарған. Үйіне дейін жүгірген әкесі подъезден шыққан екі бөтен адамды байқап, олардың жолдарын аңдыған. Ештеңеден күдіктенбеген ұрылар күтпеген «сәтсіздікке» қапаланып, аялдамаға келіп, қоғамдық көлік күтеді. Жәбірленушінің бағына орай, жанынан жол патрулі өтіп бара жатады, олар санаулы минуттың ішінде қаскүнемнің бірін қолға түсіреді. Қылмысты ұйымдастырушы мен оның серігін бір аптадан кейін Сухамбаев көшесіндегі танысының пәтерінен ұстайды. Олар ондаған адамның пәтеріне кіргендіктерін мойындап отыр, - деді А.Назаров.
Қазіргі таңда күдіктілер тергеу орынында, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалуда. Ұрылар үш жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.