Таразда блокпостты кесіп өтпек болған жүргізуші ұсталды
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Таразда төтенше жағдай режимін бұзып, блокпостты кесіп өтпек болған тұрғын ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жамбыл ауданы Жалпақтөбе ауылында орналасқан блокпостта Гродеково ауылына бара жатқан 24 жасар жүргізуші төтенше жағдай режимін бұзған. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Жүргізуші блок-бекеттегі полиция қызметкерлеріне қажетті құжаттарды ұсынғанымен, міндетті санитарлық-алдын алу іс-шараларынан өту, яғни дене қызуын өлшеу талабын орындауға қарсылық танытқан. Полиция қызметкерлері оны өз бетімен блокпосттан өтуге әрекет жасаған кезінде ұстады. Анықталғандай, бұл бұзушылық жүргізушінің жауапсыз мінез-құлқымен байланысты орын алған», делінген ведомство хаттамасында.
Айта кетейік, төтенше жағдай режимін бұзған жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы 6-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама рәсімделді.