Таразда бұрынғы спирт зауыты өртенді

101 қызметінің нөміріне «ГААГА» ЖШС-нің (Тараз қаласы маңындағы бұрынғы «БМ» спирт-арақ зауыты) аумағында орналасқан ғимараттың шатыры өртеніп жатқандығы туралы хабар 18 ақпан күні сағат 08:30-да келіп түсті. Жалын өндірістік цех шатырының 40 шаршы метрін шарпыды. Зардап шеккендер жоқ.
Өрт дәнекерлеу жұмыстары барысында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудан болды, деп түсіндірді облыстық ТЖД-ден.
Кейбір мәліметтер бойынша, «ГААГА» серіктестігі 19 ақпан күні ашылып, жұмысын бастамақшы болған.
Жамбыл облыстық ТЖД-ден хабарлағандай, 2013 жылдың басынан бері аймақта болған өрттер саны 2012 жылмен салыстырғанда 14 пайызға жуыққа артты. Биылғы жылдың 47 күнінің өзінде-ақ өрттің 48 оқиғасы тіркелді, салдарынан 8 адам қаза тапты, олардың екеуі кішкентай балалар.