Таразда дауыл салдарынан бүлінген жерлер қалпына келтірілуде

ТАРАЗ.ҚазАқпарат - Өңірді жайпап өткен дауылды жел адамдардың өмірін қиып, соңында тамырымен қопарылған  талдар, бүлінген байланыс құралдарын қалдырды, деп хабарлайды  «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Таразда дауыл салдарынан бүлінген жерлер қалпына келтірілуде

«29 мамыр күні сағат 17.00-ден бастап Таразда қатты жел салдарынан сымдар үзіліп, талдар құлады. «Тұрғын үй эксплуатациялық қызметі» ЖШС мәліметі бойынша, «Солтүстік» станциясындағы тоқ жүйелерінің үзілуіне байланысты, «Толкучка»  аумағында тұратын 200-ге жуық абонент электр жарығынсыз қалды. «ТГЭС» ЖШС-інің диспетчерлік қызметіне 204 өтініш түскен. ТГЭС ЖШС апаттан құтқарушы бригадасының күшімен (20 адам және 6 техника) 102 өтініш орындалды.

Сонымен қатар, төмен қысымды газ құбырына ағаш құлауы салдарынан VIII шағынауданындағы №5 үйдің тұрғындары газсыз қалды. «Жасыл Тараз» ЖШС жұмыскерлерімен (21 адам, 14 техника) қала көшелеріндегі сынған талдар және ағаш бұтақтарын, қоқыстарын тазалау жұмыстары жүргізілді», - дейді облыстың ТЖД баспасөз қызметі.