Таразда Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері өмірден озды

АСТАНА. KAZINFORM — Таразда 105 жасқа қараған шағында Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, майдангер Григорий Нещеретнев дүниеден өтті. Дәрігерлер соңына дейін оның өмірі үшін күрескенімен, ардагерді аман алып қалу мүмкін болмады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

В Таразе ушел из жизни ветеран Великой Отечественной войны
Коллаж: Kazinform

Григорий Владимирович 1921 жылғы 22 қарашада Жамбыл облысының Луговой ауданында дүниеге келген. Балалық шағы ауыр өтті: ерте жаста анасынан айырылып, әкесіз қалған ол қарындасына қамқор болуға мәжбүр болды.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда өз еркімен майданға аттанып, Ленинград майданында қоршауда қалған қаланы қорғауға атсалысты. 1944 жылдың ақпан айында басы мен аяғынан ауыр жараланып, алты ай әскери госпитальде емделгеннен кейін сол жылдың күзінде әскер қатарынан босатылды. Жеңісті тылда қарсы алғанымен, оның жеңіске қосқан үлесі ел тарихының ажырамас бөлігі болды.

Соғыстан кейінгі жылдары отбасын құрып, екі ұл тәрбиеледі. Алайда тағдыр оған тағы да ауыр сынақтар дайындады: алдымен жары, кейін ұлдары бірінен соң бірі өмірден өтті. Кейін ол екінші жарын жолықтырып, қалған ғұмырында соның сүйенішін көрді. Ол кісі қайтыс болған соң, ардагерге асыранды қызы Татьяна қамқор болды, ол өгей әкесін мейірім мен жылылыққа бөлеп өтті.

Григорий Владимирович тұтас бір дәуірді қамтыған ұзақ ғұмыр сүрді. Соғыс, қайғы-қасірет пен сын-қатерлер оның рухын жасыта алмады, қайта шыңдай түсті. Өмірінің соңына дейін ойы сергек, болмысы биік болды.

Бір аптадан астам уақыт бұрын ол жамбас сүйегін сындырып, ауруханаға түскен. Дәрігерлер бар күшін салғанымен, өкінішке қарай, ардагер ауруханада көз жұмды. 

Григорий Нещеретневтің жарқын бейнесі батылдықтың, төзімнің және Отанға адалдықтың үлгісі ретінде жүректерде мәңгі сақталады. Оның тағдыры – тірі тарих, сөзбен өлшеуге келмейтін рух күші. Жатқан жері жарық, рухы пейіште болсын.

Осыдан бұрын ШҚО-ның Алтай ауданында қалған жалғыз ардагер қайтыс болғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар