Таразда халықаралық туристік форум өтеді
11-14 қараша күндері өтетін форумға Қытай, Корея, Малайзия, Германия, Ресей, Қырғызстан және басқа да елдерден 350-ге жуық өкіл қатысады.
Олардың арасында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Тараз қаласының әкімдігі, аймақтық туризм басқармасы, ҚР кәсіпкерлер палатасының өкілдері, жетекші сарапшылар, халықаралық туристік қауымдастық мамандары бар.
13 қараша күні Тараз қаласындағы «Арай Плаза» мейманханасында халықаралық туристік форум мен «Ancient Taraz-2017» көрмесінің ашылуына арналған баспасөз-мәслихаты өткізіледі.
Форум аясында «Қазақстанның Ұлы Жібек жолы бойына саяхат» халықаралық фестивалі мен «TARAZ FASHION DAY» шарасы, қытайлық және отандық туроператорларға арналған ақпараттық турлар ұйымдастырылмақшы.
Айта кетейік, Жамбыл облысында 2018-2022 жылдарға арналған туризмді дамыту тұжырымдамасы құрастырылған болатын. Жамбыл өңірі ішкі, сондай-ақ, халықаралық туризмді дамытуға мүмкіндігі зор аймақ. Кезінде Жамбыл арқылы Ұлы жібек жолының бір бөлігі өткен (Сайрам - Тараз - Ақшолақ - Ақыр төбе - Құлан - Мерке - Шу - Аспара - Қордай), мұнда тарих пен мәдениеттің қызықты ескерткіштері қалған, олардың бесеуі ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұрасы тізіміне енгізілген.
Олардың арасында Шу ауданындағы Ақтөбе ауылы, Тұрар Рысқұлов атындағы аудандағы Өрнек және Құлан қалашықтары, Байзақ ауданындағы Қостөбе ауылы және Жамбыл ауданындағы Ақыртас кешені бар. Туристер «Ежелгі Тараз» тарихи жобасына қызығушылық танытып жатыр. Ол жерде көне қалашықтың, мұражайдың, шығыс базарларының, қонақ үйлер мен сауда орталықтарының қазбаларымен көне шығыс стиліндегі бірыңғай ансамбль құрылады.
Бүгінгі таңда Жамбыл облысында 42 туристік фирма, киіз үй қалашығы, сауықтыру кешендері, 5 демалыс аймағы, 10 балалар сауықтыру лагері, бірегей емдік балшықпен және минералды суы бар 5 шипажайлық-курорттық сауықтыру орталығы бар.