Таразда қаламгер Әлдихан Қалдыбаевты еске алуға арналған мемориалдық тақта ашылды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Таразда БАҚ қызметкерлері күніне орай көрнекті балалар жазушысы, дарынды журналист, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Әлдихан Қалдыбаевты еске алуға арналған мемориалдық тақтаның ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қазақ журналисі, жазушы Әлдихан Қалдыбаев биыл 84 жасқа толар еді.

Жамбыл облысы Шу ауданы Кербұлақ ауылының тумасы жоғары оқу орнын тәмамдаған соң Қызылорда облысы Арал қаласындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарған. Одан кейін – Жамбыл облыстық радиохабар және телевидение комитетінің редакторы, әдеби қызметкер, кейін Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінің мәдениет және тұрмыс бөлімінің меңгерушісі болды. Содан кейін «Ақ жол» деп өзгертілген осы басылымның бас редакторы қызметін атқарды. Оның тұсында облыстық қазақтілді газетте талантты журналистердің галактикасы пайда болды.


Сонымен қатар, Әлдихан Қалдыбаев ұзақ жылдар Жазушылар мен Журналистер одағының облыстық ұйымын басқарды.

Әлдихан Қалдыбаев «Жасыл дөңгелек», «Екі тентек», «Әшірбек су тасушы», «Байшан солдат», «Шаншар ата», «Аю — менің досым», «Өзен жағасы», «Солдат болу оңай ма?» атты адамгершілікті қуаттайтын, тағылымды, сезімді толқытатын балаларға арналған кітаптар жазды.

Артына мол мәдени мұра қалдырып, талантты шәкірттер тәрбиеледң, олардың көбі жазушы-журналист тұрған үйдегі ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына келген.


Жазушының жары Бану Тасболатова шарада жиналған қауымға қаламгердің халықты тәрбиелеуге, ұлттық дәстүрді, құндылықтарды сақтауға үлкен көңіл бөлетінін айтты.

«Әлдихан Қалдыбаевтың мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға арналған шығармаларының тәрбиелік мәні терең», - дейді Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай. – Жазушы, Жамбыл облысының құрметті азаматы есімі ел жадында сақталады. Көзі тірісінде оқырмандар сүйіспеншілігіне, жұртшылықтың құрметіне бөленді, Жамбыл облысы мен Тараз қаласының дамуына зор үлес қосты».


Соңғы жаңалықтар