Таразда қасақана өртелген үйдің ішінде әйел көз жұмды
ТАРАЗ. KAZINFORM — 30 шілде түнгі 22:59 кезінде Тараз қаласындағы «Шалғай Қарасу» шағынауданында орналасқан жеке тұрғын үйден өрт шықты.

Аумағы 100 шаршы метрді құраған жалынды сөндіруге өрт сөндіру қызметінің 15 адамы, 4 техника жұмылдырылды.
«Өрт 23:32–де сөндірілді. Өрт орнынан 1 газ баллоны шығарылды. Жедел жәрдем көлігімен термиялық күйікпен ауыр жағдайда 1980 жылы туған әйел адам ауруханаға жеткізілді. Өрттің алдын ала себебі — қасақана өртеу. Осы өртке қатысты жиналған құжаттар екінші полиция бөліміне берілді. Өрт-техникалық сараптама тағайындалды», — делінген облыстық ТЖ департаменті баспасөз қызметі таратқан релизде.

Алайда күйік шалған әйелдің бүгін таңертең көз жұмғаны белгілі болды.
«1980 жылы туған науқас Тараз қалалық көпсалалы ауруханасының жансақтау бөліміне 2-3-4 дәрежелі термиялық күйікпен 30 шілде күні сағат 23.24-те келіп түсті. Күйік дененің 98 пайызын шалған. Тыныс алу жолдарының күйігі — 2-3 градус. Науқас 31 шілде күні таңғы сағат 07:10–да қайтыс болды», — делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің берген ақпаратында.