Таразда «Қазфосфат» ЖШС күкірт қышқылы цехының құрылысына қатысты қоғамдық тыңдау болды
ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіровтың айтуынша, жамбылдық химия кәсіпорынының негізгі мәселелерінің бірі минералдық тыңайтқыш өндіруге қажетті күкірт қышқылының жетіспей отырғандығы болып отыр.
«Күкірт қышқылы цехының салынуы минералдық тыңайтқыштарды тұрақты шығарып отыруға мүмкіндік береді және өнімнің өз бағасын төмендетеді. Онымен қоса, өнімнің сапасы, техниканың қауіпсіздігі, қоршаған орта мен еңбекті қорғау саласындағы әлемдік стандартқа сай заманауи өнім шығаруды іске қосу қосымша 138 жұмыс орнын тудырады», - деп түсіндірді минералдық тыңайтқыштар зауытының бас инженері Ғалым Нұрғазиев.
Өзінің күкірт қышқылын өндіру зауыттың қуатын 200 мың тоннадан жылына 400-450 тонна минералдық тыңайтқыш шығаруға дейін арттырады, шығарылатын өнімнің түрін көбейтеді, өз электр қуатын өндіруге арналған энергетикалық бу ретінде жанама өнім өндіру мүмкіндігін туғызады.
Жаңа кәсіпорынның шикізаты ретінде «Теңізшевройл» ААҚ мұнай және газ өңдеуінің қалдығы ретінде күкірт қолданылатын болады, сондықтан шикізатпен қамтамасыз ету мәселелесі туындамайды.
Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің ақпараты бойынша, жаңа өнеркәсіп іске қосылса, шығарынды үлесі екі есеге өседі. Химиктердің белгіленген талаптарға сай қалдықтарды қоймаға жинайтын төрт сатылы тазалауды жасап шығарғандығын, сондай-ақ облыстағы табиғи суларға қоқыстың тасталмайтындығын айтқанына қарамастан осындай жағдай туындауы мүмкін.
Дегенмен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет күкірт қышқылы цехының салынуына рұқсат берді, бірақ қоқыс тастауға қатысты біршама ұсыныстар айтты. Сонымен қатар СЭҚ мәліметтерді қуаттау үшін жоба аяқталғаннан соң сараптама жүргізілетіндігін ескертті.
Тұтастай алғанда, Таразда күкірт қышқылы цехының құрылысы туралы шешім қоғамдық тыңдауға қатысушылардың қолдауын тапты.