08:53, 14 Қараша 2013 | GMT +5
Таразда «Қазіргі заман қаһармандары» атты республикалық шара өтті
АСТАНА. 14 қараша. ҚазАқпарат - Таразға еліміздің әр түкпірінен келген 21 полицей тұңғыш рет өткізіліп отырған «Қазіргі заман қаһармандары» атты республикалық шара аясында марапатталды, деп хабарлады 24.kz.

Олар - бейбіт күнде ел тыныштығы үшін өз бастарын қатерге тігіп, ерлік жасаған азаматтар. Солардың бірі - Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов аудандық ІІД қызметкері Ерасыл Тілемісов. Полиция қатарына келгеніне аз уақыт болса да, ол үш қылмыскерге қарсы тұрған. Ауыр жарақатына қарамастан, күдіктілерді қосымша көмек келгенше ұстаған. Жасаған ерлігі үшін Рысқұлов ауданының батыры ҚР ІІМ тарапынан марапатталды. Тәуелсіздік жылдарынан бері елімізде 710 полицей қызметте жүріп қаза тапқан. Сондай-ақ, 877 қызметкер мемлекеттік наградамен марапатталған. Ал 90 тәртіп сақшысына атақ қайтыс болғаннан кейін берілген.