Таразда қоқыстан «подъезд» сәндейтін қария тұрады
ТАРАЗ. KAZINFORM – Тараз тұрғыны – Юрий Александрович халық арасында «Народный скульптор» атанып кеткен. Себебі оның қолымен безендірілген өз үйінің кіре берісі, яғни «подъезді» әр адамның таңданысын тудырмай қоймасы анық.

Әуесқой ұстаның жұмыстары жақында жергілікті пабликтердің бірінде жарияланып, бір күнде мыңдаған қаралым жинап та үлгерді. Осы орайда Каzinform тілшісі де Юрий Александровичпен жолығып, тілдесіп қайтқан еді.

«Негізі қолөнерге бала кезімнен қызығамын. Бірақ әскери борышымды өтеп жүргенде оны әрі қарай жетілдіріп, айналыса бастадым. Негізгі мамандығым – техник. Бұл тек хоббиім деп айтуға болады.
2012 жылы жұбайым қайтыс болды. Сол кезде көңілімді басқа нәрсеге бұрып, әйеліме деген сағынышымды басу үшін түрлі бұйымдар жасауға кірістім», – дейді ол.

Бір қызығы, жасы 90-ға таяған қария туындыларына негізінен қоқыс қалдықтарын пайдаланады. Фото салатын жақтаулар, жиектер, түрлі мүсіндер жай ғана сусындардан босаған ыдыстардан, ағаш қалдықтары мен пластик қалдықтарынан жасалған.

«Өзіңіздің тұратын аулаңыздың, подъезіңіздің табалдырығынан бастап әсемделіп, көңілге қуаныш сыйлап тұрса, бір ғанибет емес пе? Білгенімді жетілдіру үшін, айналаға әсемдік сыйлау үшін мен қаражатымды аяған емеспін. Жұмысыма қызыққан жандарға тапсырыспен қалаған дүниелерін жасап беремін.
Өзімнің білгенімді жастарға тегін үйретіп, бөліскім келеді. Тараздағы біраз оқу орнына тегін курс өткізетінімді айтып, ұсыныспен де шықтым. Бірақ, өкінішке қарай, ол ұсынысымды ешбір білім ошағы қабыл алмады. Қызығушылық танытқан жастар да жоқтың қасы», – дейді Юрий Александрович.
Бұған дейін Фоторепортаж: Алматы «Дүниежүзіндегі қолөнер қалалары» тізіміне енуі мүмкіндігін жазған болатынбыз.