Таразда көпқабатты үй өртеніп, тұрғындар мектепке орналастырылды

None
Фото: пресс-служба ДЧС Жамбылской области
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Таразда көпқабатты тұрғын үй өртеніп, 100-ден астам адам эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз хатшысының хабарлауынша, 16 сәуір күні сағат 3:55-те Тараз қаласындағы Төле би көшесі, 4 мекенжайында орналасқан бес қабатты тұрғын үйдің шатырынан өрт шықты. Жалын 800 шаршы метрді, яғни ғимарат шатырының жалпы аумағын шарпыды.

Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің күшімен тұрғын үйден 100 адам эвакуацияланды. Оның ішінде 60-ы – бала. Өртті сөндіруге 13 техника мен 54 өрт сөндіруші жұмылдырылды.


Қала әкімі Бақытжан Орынбековтің тапсырмасымен өрттен зардап шеккен тұрғындарды №10 мектепке уақытша орналастыру жөнінде шешім қабылданды. Өрттің шығу себебі мен шығынын арнайы құрылған комиссия есептейді.







Айта кетейік, бұған дейін біз Таразда базар өртенді деп хабарлаған болатынбыз. «Ауыл-Береке» базарында доңғалақ сататын дүңгіршектен өрт шығып, оны ауыздықтауға 15 өрт сөндіруші мен 5 техника жұмылдырылған болатын.

Ал, Астанада бір аптада 1,5 мың шаршы метр аумақта құрғақ шөп пен қамыс өртенді. Өткен жылы осындай 313 жағдай тіркелген еді. Орман және дала өрттерінің алдын алу мақсатында биыл Астана аумағында табиғи өртке қарсы іс-шаралар жоспары әзірленді. Қала шекарасының периметрінде 6 бағыт бойынша жылжымалы күзет бекеттері ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары күн сайын 10-нан астам дала өртін сөндіруге шығатынын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар